[лат. temperatura] з а т. ф и з. 1. Макроскопиялық жүйенің термодинамикалық тепе-теңдік күйін сипаттайтын физикалық шама. Егер оқшауланған немесе тұйықталған жүйе термодинамикалық тепе-теңдік күйде болса, онда оқшауланған немесе тұйықталған жүйенің кез келген бөлігінде т е м п е р а т у р а бірдей болады. Ал егер жүйе тепе-теңдік күйде болмаса, онда жылу (энергия) оның т е м п е р а т у р а с ы жоғары бөлігінен т е м п е р а т у р а с ы төмен бөлігіне қарай ауысып, белгілі бір уақыт өткеннен кейін жүйенің барлық бөліктеріндегі т е м п е р а т у р а өзара теңеседі (ҚҰЭ). 2. Қалып-күйдің жылылық дәрежесі. Бөлмені күн сайын тазартып бірқалыпты т е м п е р а т у р а д а ұстауды ұмытпау керек (Ә.Есенқұлов, Әйелдер.). Жаздың ап-ашық күні, аспан айналып жерге түскендей. Т е м п е р а т у р а отыз градус жылылық (Б.Момышұлы, Шығ.). Кешеден бері үшінші камераның іші ысып, т е м п е р а т у р а өте жоғарылап тұр (А.Хангелдин, Табысқан.). 3. Дене қызуы (ауырғандықтың белгісі) қызғын. Басында тымау ғана болар деп елемеген оның (мұғалімнің) т е м п е р а т у р а с ы бірер күнде жоғарылап қырыққа жетті (С.Мұқанов, Шығ.). – Өңің неге қызарып жатыр? Т е м п е р а т у р а ма? - деп, албыртып сұрады (Н.Ғабдуллин, Өмір.). Келесі күні Әлпеш баласының өңі бұзылып отырғанын байқады. Т е м п е р а т у р а с ы н өлшеп еді, қырыққа таяп қалған (С.Шаймерденов, Мезгіл).