ТОПТАСТЫРУ

lat: TOPTASTYRÝ

Топтастыр етістігінің қимыл атауы. 1. Біріктіру. Сәкеннің қайтпас қайсар табандылығы, ерекше үйымдастырушылық қабілеті өз төңірегіне жас әдеби күштерді т о п т а с т ы р у ы н а көмектесті (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.). 2. Ұйымдастыру, құрау. Коллективті т о п т а с т ы р у д а басшылықты ылғи біреулерге беріп қою да орынсыз (Қаз. мектебі). 3. Қатарына тарту. Ол үшін біз орыс жұмысшыларының төңірегіне қазақ жалшыларын неғұрлым берік т о п т а с т ы р у д ы мойынға алуымыз керек (Б.Мәдиев, Өрендер). Сол кездегі басты мақсаттардың бірі ұлт пен ұлттық интеллигенцияны біртұтас саяси ұйымның төңірегіне т о п т а с т ы р у болды (“Егемен Қазақстан”). 4. Жинау, жинақтау. Қазақстан үкіметі ұлттық мәдени мұраны талғайтын комисся құрамы қатарына маман фольклоршыларды қатыстырып, еліміздегі және шет мемлекеттердегі қазақ ауыз әдебиетін жинау, оларды М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына т о п т а с т ы р у мәселесін шешсе, дұрыс болар еді («Қаз. әдеб.»). Платон Афинада өзінің Академиясын ұйымдастырып, оған көптеген сол кездегі білгір ғұламаларды т о п т а с т ы р д ы (Н.Баяндин, Ғасырлар қойнауына саяхат). 5. и н ф. <ағылш. grouping> Біртектес қасиеттеріне сай бір жүйеге келтірілетін объектілерді өзінше дербес жаңа объект-топтарға біріктіріп жүйелеу.