ТОҚЫМ

lat: TOQYM

зат. этн. Аттың арқасына ер батпау үшін екі қабат киізден ыңғайлап пішіп, сыртын мата немесе былғарымен қаптап, кейде өрнектеп сырып, айнала шетін көмкеріп жасайтын ер-тұрман жабдығының бірі.

Кей ер бар тар қосылған, тоқым қаппас,

Шаптай тартып қойсаң да атқа жатпас.

Ілгерінді-кейінді қоқаң қағып,

Ат арқасын ыспалап тыным таппас (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Ақбөрте түсіп астыма,

Айқара тоқым салсам деп;

Алмас қылыш асынып

Ақ найза қолға алсам деп (Дулат бабатайұлы, Замана.).

Тоқымның көлемі де, пішілу үлгісі де әртүрлі болады. Әйелдерге арналған көн тоқымдар үлкен, әшекейі көп, ал еркектердің тоқымдары шағын болады («Шаңырақ» энцикл.).

Сырмақ қып астына,

Байының тоқымын,

Отының басына

Төрінің қоқымын (Абай, Тол. жин.).

Тоқымның қаптал, күміс, ойма, желдік, кестелі және дулат, қырғыз, арғын, найман, адай тоқым деп аталатын үлгілері бар (ҚҰЭ).

Сол шақта ішімнен төктім ән,

Соңыра жүретін жолды ұғып,

Тоқым сап біз мінген көк құнан,

Қалатын аздан соң болдырып (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).