1 з а т. 1. Зат үстіне қонған не ауаға көтерілген жұқалаң селдір шаң. Аян: – Апырмай мына жер не деген жақсы?.. Бақшаның іші... Шаң, т о з а ң жоқ таза ауа... - деп, сырттағы бақшаға қарады (С.Сейфуллин, Шығ.). Белес-белес торғын белдердің әр тұсынан аспанға боз шаңмен бірге үздік-үздік ақ т о з а ң көтерілді (М.Иманжанов, Адам.). Егер оған дым тиіп, күн жылытса, Жан кіріп, шөп шығады гүл-жапырақ. Өлген шөптің күлі еді тозған т о з а ң Онан тағы не шықты, байқа, бірақ (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Бір күнде жігіт болдық ор киіктей, Т о з а ң ы аспанға ұшқан көзге ілікпей. Дүниеге зерделі боп келген жандар Қалмайды жас уақытта бір желікпей (Қара өлең). 2. Қалың шаң-топырақ. Төгіліп алтын болды т о з а ң мен шаң, Қайыршы аузын ашып отыр аң-таң. «Табалап өзгелерді, ә, Қайыршым, «Қанағат етпеген соң, деуші ең, сазаң!» (А.Байтұрсынов, Шығ.). Құмардан шығып жүрер құлан қуып, Келеді күн жақындап, ажал жуық. Бірталай бар шәһардан түстік жерде, Арыстан, жолбарыстар жатқан бұғып. Бір т о з а ң құйындай боп көрінеді, Тоғайдан келе жатыр тура шығып (Ә.Найманбаев, Шығ.). Бұрқыраған ақшыл т о з а ң алысты көзден жасырған (Т.Ахтанов, Дала сыры). Жалғыз-ақ бір шарты бар, ал есіңе, Түскеннің бәрі алтын дорба ішіне. Дорбадан жерге түссе, т о з а ң болып, Жұмсауға жарамайды пайда ісіңе (А.Байтұрсынов, Шығ.). Жау алған малдың алдында Тел күрең аттың т о з а ң ы. Қайырып малды алмаққа Қырқалап жаудан озады (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.). Дүние ойлап тұрсам ақсақ елік, Кетеді кейде аяңдап, кейде желіп. Т о з а ң ы анда-санда бір бұрқ етер, Кезіңе сондайдан елес беріп (Қара өлең). 3. а у ы с. Мәнсіз, салмақсыз бос нәрсе. Дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан т о з а ң, Таза ақылдың алдында жоқ қой құны. Мисыз, күншіл, бірезу, өзімшілдер Аласұрсын, асқақтап, қозса жыны (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). 4. а у ы с. Ауыртпалық, кірбің, уайым. Біздер әбден батушы едік күлкіге. Сен де бірге күлуші едің ілкіде. «Көңілдегі көп т о з а ң д ы қағып ал – Деуші едік біз,– өзіңді өзің сілкі де!» (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). Қапырық бәрі: Аспан да, жер де қапырық, Ауыр бір т о з а ң Әлемді тұр-ау жапырып (М.Мақатаев, Шығ.).