lat: TUŃǴIYQ
сын. 1. Түпсіз терең, өте терең (су иірімі). Иірілген бұйра толқын шашы қандай, Иығына екі жылан асылғандай.
Тұңғиық қара судай қара көздер
Қандай сыр болса-дағы жасырғандай (М.Жұмабаев, Шығ.).
Тұңғиық, тыныш теңіз беті жыбырлай бастады (I.Жансүгіров, Шығ.).
2. ауыс. Тереңде, көңіл түкпірінде жатқан (сезім, ой).
Әңгіме жаздым ертек бозбалаға,
Артықша жазып-сызбай сөз бола ма?
Жақсылық, жаманшылық бастан кешпей,
Тұңғиық ой толқыны қозғала ма? (Ә.Найманбаев, Шығ.).
3. ауыс. Сырын шашпайтын, тұйық (адам).
Ол күлмейтін, үнемі бір қалыпта, тұңғиық, селт етпеген күйінде тұратын да қоятын (М.Мағауин, Ақша қар.).
Ол мен үшін шеті ғана ашылған, ар жағы тұңғиық, бітеу жан (Т.Ахтанов, Шырағың.).
Өзіне өмір-бақи бір ауыз тіл қатып, адам деп сөз тапсырып көрмеген тұңғиық Әбеннің мына сөзіне буыны босағандай Тойғұлы үнсіз басын изеді (С.Бегалин. Замана белестері).
Оның тұңғиық түрінен ештеңе байқалмаған еді (Ғ.Мұстафин).