ТҰНБА

lat: TUNBA

зат. 1. Сұйық заттың түбіне түскен қойыртпағы; шөгінді.

Тұндырылғаннан кейін суды төгеді, түбіндегі тұнбаны астаушаға салады (Т.Тілеуғалиев, Балық ауру.).

Швейцариядағы Цюрих көлінің жағалауындағы ерте заманғы террасаның (Жер бетінің сатыланып тұрған жазық алаңдары) қалың топырағынан әр ғасырдың тұнба қабаттарын көруге болады (Т.Омаров, Күн және табиғи құбылыстар).

Біз әлі де болса Күннің 1800 жылдық циклі немесе мыңдаған жылдар болмаса миллион жылдар аралығында болатын циклдерге қалай әсер ететінін толық білмейміз, бірақ жер қабаттарында және басқа да жердегі құбылысты көрсететін өсімдіктер мен тұнбаларда циклдердің ізі бар екенін білеміз (Т.Омаров, Күн және табиғи құбылыстар).

Тұнба мен батпақ бүрмепті,

Алмады тастан жүзін бұл.

Бір сәтте судан жылт етті,

Жылт етті ғажап кызыл нұр (Ж. Жақыпбаев, Ләйлә.).

2. Шөптің т.б. заттардың қайнатылып тұндырылған сұйығы, сұйық астың тұнып қалған тұнығы.

Ол кемпірді сыры өзіне мәлім түрлі шөптердің тұнбасымен емдейді (Ш.Құмарова, Қазбауыр.).

Олар көженің тұнбасын өздері ішіп, қоюын балаға сақтап беретін (М.Сқақбаев, Қырық қыз).

Жылантамырдың тұнбасы іш қатты өткенде қолданылады (С.Суханбердин, Өсімдік дәрі-дәрмек қоймасы).