ТҰҚЫМ

lat: TUQYM

зат. 1. Әртүрлі дақылдар мен өсімдіктердің өсіп-өну, көбею негізі; дән, ұрық.

Торғай үйезінде егіндік жер жоқ. Бірлі жарым кедейлер шығырмен суарып, егін шашқан болса да, көбінесе, тұқымын да ала алмайды (М.Дулатов. Шығар).

Айқай салып бақырса,

Ойсыз құлақ ұқпады.

Қанша тұқым шашылса,

Жер жыртылмай шықпады. (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қазына, байлық халықта,

Ежелден бар ғой тарихта.

Молшылық көзі егінде,

Сапалы тұқым себуде (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Шаруа болсаң, тұқым шаш

Көбейтіп берер өзіңе,

Құдай десең ақыңды

Адам түгіл жер жемес (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

Сондықтан бидайлардың тұқымын сақтауға көңіл бөлу керек (I.Есенберлин, Көлеңке.).

2. Малдың түліктің белгілі, асыл тегі.

Мұнда сүтті Алатау сиыры, етті көп беретін Еділбай қой тұқымы өсіріледі (Е.Жәкенов, Тұғырлас.).

Тостағандай көздерінен от шашқан жарау бестінің сүлікқараның тұқымы екенін жұрт бірден таныды (М.Хасенов, Тұлпар.).

Көкшегірдің тұқымы,

Ойдағы жоқты алады (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Араптан шыққан тұқымы,

Жау дыбысын біледі.

Шын бабына келгенде,

Тұяғы тасты тіледі (К. Әзірбаев, Таңд. шығ.).

3. ауыс. Үрім бұтақ, ұрпақ бала.

Тұқым бар Қалқаманнан осы күнде

Шын болса, Ұлы жүздің жүр ішінде.

Өздері Елібаймыз десе керек,

Білмейді кейінгісі бізді мүлде (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Нағыз ханның тұқымы Мамырбекті,

Шыңғыстың шын баласы асыл текті.

Қорғалап қорыққан кезде сарт мінезді,

Жығылып аяғына қадірлепті (Ә.Найманбаев, Шығ.).

4. Ата-тек, ру.

Ақын қандай әлеумет ортасында туып, қандай ортада жүріп тәрбие алады? Қандай тұқымнан, қандай таптан жаралды? Оның пікірі де сол әлеуметтің құрылысына байланысады (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Тұқымы Үшбозшының Нартайлақтан,

Қалған жоқ еркек бала өзге жақтан.

Күнсұлу Айдаркені тапқан жолы,

Баладан жазым болып қаза тапқан (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

5. Үрім-бұтақ, тумыс, қан.

Құнанбай тұқымымен алыстан арбасарлық өз бәсекесі болады (М.Әуезов. Абай жолы).

Менің ұсталығым тұқымымызға дарыған ұсталық. Арғы атам қарақорымның баяғы айтулы. Ұсталарың бірің болса керек (М.Жұмабаев, Шығ).

Сол күннен былай Ақан мен пері күндіз айрылып, түнде қосылатын болады... Жоқ, пері Ақанға Ерейменде иеленген емес екен. Періге иелену Ақанның тұқымында бар екен (М.Жұмабаев, Шығ.).