ТҰТ

lat: TUT

ет. 1. Бір нәрсені қолмен ұстау.

Сүйенгенім өпкенім,

Бал бөбегім балапан.

Гүл жайнаған көктемім,

Алтын тұтқан алақан (С.Керімбеков, Колхоз.).

Қарлығаш оң қолына шылбырдың бір ұшын іліп, сол қолымен ердің артқы қасынан тұтып, көк аттың жалпақ жонына Нұржан орнықты (Н.Ғабдуллин, Қызық дәурен).

Ер Төстік төмен қарап жерді шұқып,

Көрсетіп әкесінің қолын тұтып:

«Ата-ана, ағаларымды ойламай мен,

Кеттім ғой сіз тұрғанда бәрін ұмытып (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

2. Кереге, қабырғаға, терезеге бір нәрсені (ұстау), ұстап қою, ілу.

Алдынан терезеңнің жүріп өттім,

Сен мені байқадың ба, құдіреттім?

Тұрдың ба терезеңнің ар жағында?

Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті (М.Мақатаев, Шығ.).

Ең алдымен шана ішіне бөстек салып, айналасына киіз тұтты (А.Әуезов, Бала Мұхтар).

Мұғалім қыз жатқан жаққа жалтақтай қарады. Араға тұтылған масахана анық көрсетпей тұр (Д.Досжанов, Жусан мен гүлдер).

Алдыңда терезеңнің жүріп өттім,

Сен мені байқадың ба, құдіреттім?

Тұрдың ба терезеңнің ар жағында?

Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті (М.Мақатаев, Шығ.).

3. Бір нәрсені ұстап алу, қолға түсіру.

Ұтылса төлеп, ұттым деп кетейін,

Тұзаққа түстің, тұттым деп кетейін.

Қозжырай да қолымды қақпа,

Құдай берген құттым деп кетейін (Қ.Жармағанбетов, Дәурен).

Жасаған қолдан қармақпен,

Күн бойы тұтам бір балық.

Өзіне сый деп арнап мен,

Беруші ем жүзім нұрланып (С.Әлімқұлов, Жайсаң.).

4. Жібермей қалу, жабысу, жармасу.

Көк сәндік көйлектің етегін кәріқыз тікен тұтып қалған екен (Ш.Мұртазаев, Мылтықсыз.).

Саусақтарын шайыр тұтып қалыпты («Лен. жас.»).

5. Бір нәрсені қабылдау, ұстану.

Тәуекел дарияға салсаң қайық,

Талмай дұға тұтқан жолдан кетпей тайып.

Дарияда бірде тыныш, бірде дауыл,

Қаңбақша кезер кемең қанат жайып (С.Сейфуллин, Өлең.).

6. Кейбір сөздермен тіркесіп келіп, есептеу, білу, санау деген мағынада қолданылады.

Абай әншілікті де мамандық тұтпаған (Ж.Молдағалиев, Торғай.).

Барлық жағдайда да балалар бақшасының тәрбиешілері мен басшылары ата-аналар комитетінің мүшелерін өздеріне дос және көмекші тұтады емья тәрбиесі).