lat: TYŃDAÝ
Тыңда етістігінің қимыл атауы.
1. Құлақ қою, есту.
Салайын, сен сал десең, «Қисметке»,
Шарықтап даусым шықсын аспан көкке.
Төңкерілтіп тегілте бір шырқайын,
Сөйлеу бізден, міндетті тыңдау көпке (Ә.Найманбаев, Шығ.).
Үш жас-тағы бала үлкендердің сөзін (тақпақ, өлең, ертек) тыңдауға өте әуес келеді (К.Жарықбаев, Психология).
Абағы балық, аулары суларда қалып,
Жиналған кезде жырауын тыңдауға халық.
Айдары таудан құлаған көкпаршылардай,
Сайраңдап, шіркін, келсек қой Жужанға барып (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).
Төтенше тірлік бастамай,
Тыңдауым керек естіні.
Жаман деп жыртып тастамай,
Жамауым керек ескіні (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).
2. Мән беру, көңіл бөлу.
Жанға жайлы жақсы сөз
Татаусыз таза тыңдауға
Жауқазындай аршыған.
Ажарсыз сөздің әсері
Келуіне көптің қонымсыз
Киіздей шала қарпыған (Базар жырау, Шығ.).
Түлкіге қара шекпен айтады арыз:
– Тыңдауға қаріп сөзін, сізге парыз.
Ашып айт білгеніңді әділдікпен,
Жұмыс бар арамызда осы тәріз (О.Шораяқов, Шайыр.).