ТЫҒЫНДА

lat: TYǴYNDA

ет. 1. Тығынмен бекіту, тығын тығу.

Қабікен әжесі сыртын кигізбен қаптап, аузын шүберекпен тығындап берген бөтелкесінен айран-шалап ішті (Ғ.Қайырбеков, Ақ желкен).

Асыл бір метрлік жасыл термосқа қаймақ қатқан қою күрең шайды толтыра құйып, аузын тығындап жапты (Е.Мырзахметов, Медет).

Ол стақанын қайта толтырып, өңешіне төңкере сап, қалғанын тығындап қалтасына сүңгітті (М.Сқақбаев, Сұлулар).

2. Бекіту, жабу, тұмшалау.

Досым өтсе алдымнан қырын қарап,

Бозторғайым кеудемде шырылдамақ.

Естігісі келмейді бәтшағардың,

Қорғасынмен құлағын тығындап ап (М.Мақатаев, Шығ.).

3. ауыс. Жолына көлденең тұру, кедергі жасау.

Ойнайды мұны күштілер,

Ойнайды мұны тістілер.

Жұмсалмағанмен күш түгел,

Жеңісті арам іш тілер.

Аяқталса той ұлы,

-Ақын өлтіру ойыны!

Ер білексіз байғұсты,

Зеңбірексіз байғұсты

Қу арақ тойда, мұнда да

Қуалап ойға, қырға да.

Ойнайды заман сойылы

-Ақын өлтіру ойыны!

Заңын да салып соңына,

Жарын да салып соңына,

Қоймайды жанын, үндеме,

Ойнайды күндіз, түнде де.

Қамшы бас, заман сойылы,

Ақын өлтіру ойыны!

Көріне даусын жеткізбей,

Еліне даусын жеткізбей,

Аузы мен мұрнын тығындап,

Сыртынан сұмдар сыбырлап.

Ойнайды келіп той ұлы,

Ақын өлтіру ойыны!

Жас бала демей қарбытып,

Баспана бермей қаңғытып,

Тойласын соңғы жеңісін,

Солардың жері кеңісін.

Өлтірмей құдай жөнімен,

Ойнап жүр енді менімен (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

4. ауыс. Пара, ауызбастырық беру.

Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап (Абай, Тол. жин.).