ТЫРМА

lat: TYRMA

зат. 1. Топырақты майдалау үшін, шөп жинау үшін пайдаланылатын мәшине, тракторға немесе өгізге, атқа жегілетін темір тісті ауылшаруашылық құрал.

Тырма жыртылған жердің топырағын майдалайтын құрал; ұзын ағаш сапты, жер қопсытуға арналған (Қаз. тілі термин. Тамақ.).

Екі киіз үй жанына жақындай келе қарасақ, қаптаған көп машина, тырмалар (Ғ.Қайырбеков, Қарқаралы.).

Күтіп тұр, әне, тырмалар

Тістерін қайта бұрайтын,

Ырғалып тұрған арбалар

Итеріп қалсаң, құлайтын (С.Жиенбаев, Алтын қалам).

Өгізді алдына салып қамшымен соп, соба-а! деп, бір-екі тартып жіберіп еді, өгіздер тырманы сүйретіп ала жөнелді (Б.Тоғысбаев, Алдыңғы.).

Қазіргі заманда тырманың қаңқалары мен жұмысшы органдары металдан жасалады (ҚҰЭ).

Әрбір тырма түтік тәрізді біліктен 4 жасалған (Комбайн. оқу құралы).

2. Шабылған шөпті жинау үшін, үй, қора маңындағы шөпаламды тазарту үшін пайдаланылатын қол құрал.

Ерте кезде қол орақ, шот орақ сияқты қарапайым құралдарды пайдаланса, қазір шалғы, темір аша, тырма сияқты құралдар кеңінен тарады (X.Арғынбаев, Қаз. этногр.).

Өсе бердік оқу, еңбек араласып,

Ағат аттап кетпедік дара басып,

Қыста оқу, ал жазғы каникулда

Түрен, тырма, күрекпен жағаласып (М.Мақатаев, Шығ.).