ТЫРНАҚ

lat: TYRNAQ

зат. 1. Аяқ-қолының ұшындағы қатты және өткір өсінді.

Адамның тырнағы аптасына бір миллиметрдей өседі (Ғалам ғажаптары).

Жас нәрестені күтетін адамның қолы әр уақытта таза, тырнағы алулы болғаны шарт («Қазақст. әйелдері»).

Мен қалтамнан бәкімді алып, оның тырнағын алуға кірістім (Т.Әбдіков, Күз.).

2. Аңның, құстың аяқтарындағы үшкір, имиген мүйіз түзімді өткір өсінді. Бүркіттей емес екені Кешікпей-ақ білінді.

Жабағыға тырнағы Шықпастай боп ілінді (Абай, Тол. жин.).

Сауысқан тырнақ салалы,

Қарға тұмсық қаржымсыз.

Бөктергі санды бүлкілдек (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Жона-жона имек бүркіт тұмсығын

Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.

Енді бірде бүркіттің

Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,

Басын шайқап тұрып қалды таңданып (М.Шаханов, Ғасыр.).

Дегбірі кетіп жүрегі Шапқан аттай тасырлап.

Тырнағы ұзын имиген Бөктергі тырнақ салалы,

Қонып отыр тұғырға (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Бала құс таңнан талтаңдай басып тұрғалы

Төсеніш бүріп, тасқа да батып тырнағы,

Төбеден қарап төменде жүзген ақ бұлтқа,

Шарасы мұнар шатқалдың шуын тыңдады (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).

3. ауыс. Басқа түскен жағымсыз жағдай, біреудің үстемдігі, жәбірі, қорлығы деген мағынада.

Қалай ғана жағармын бұл қауымға,

Бірдемесін бүлдіріп, ұрладым ба?

...Қандай еді серінің салған әні

...«Бөктергінің қор болған тырнағында»... (М.Мақатаев, шығ.).

Олар жолға аттанды

Ақиқатты іздеді, томды ақтарды.

Кеше ғана Линч тырнағынан,

Әккі көрген негрді қорғап қалды (М.Мақатаев, Шығ.).