ТЫРЫС

lat: TYRYS

ет. 1. Қыртыс-тыртыс болып бүрісу, құрысу, жиырылып тартылу.

Буын-буыны шымырлап, тұла бойы отқа күйген тарамыстай тырысып, жиырыла берді (Р.Райымқұлов, Бұрылыс.).

2. ауыс. Жақтырмау, риза болмау, қырсығу, қитарлану.

Ағайынмен ұрысып,

Араздасып кетердей.

Отырасың тырысып,

Сіркең бір су көтермей (Қ. Мырзалиев, Мәңгі.).

Әлден келгенше бірлік-береке тырысайық (Б.Майлин, Шығ.).

Келіні шыға қашады,

Атасынан ұялып.

Құдағи жүр тырысып,

Екі ұрты суалып (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

3. ауыс. Қытымырлану, сараңдану, ештеңесін бергісі келмеу.

Бармасам бәрі қарғап ұрысады,

Кіргізбей үйлеріне тырысады.

Олардың тілін алмай босқа жүрсем,

Жақтырмай мені көрсе бырысады (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

4. ауыс. Қартаю, денесі солу.

Шыға алмады далаға

Кемпір-шалдар тырысқан.

Жатты кедей үйінде,

Құныстай боп құрысқан (О.Шипин, Дастан.).