lat: UIYM
зат. 1. Мемлекеттік, бұқаралық немесе қоғамдық мекеме.
Әли де тәуекелге белін буды,
Оқудан жандарм да оны қуды,
Қуалап ұйымдағы барлық жасты,
Әли де етігімен кешті суды (О.Шипин, Дастан.).
Жүр еді Федосеев ұйым құрып,
Тар жерде, қапылыста жиын кұрып.
Бұл жерде Ленин өзі дабыл қаққан,
Кедейлер күрессін деп, күйін біліп (О.Шипин, Дастан.).
Бөгет бөгеп егінге,
Басын қосып кедейдің
Ашатын болды ұйымды (О.Шипин, Дастан.).
Бұл жоспарларды облыстық, аудандық басшы ұйымдар қарап бекітті («Соц. Қаз.».).
2 мамыр келісімін Ұлттар Ұйымының діңгегіне апарып байлады (М.Шоқай).
Бұл мәселе турасын айрықша ұйымдардың құлағына салуды сиез маған тапсырған соң жазып отырмын («Абай» журн.).
Мемлекеттік ұйымның атынан берілген сенім хатқа ұйымның бастығы қол қояды (ҚазССР тарихы).
Комсомол – алдыңғы қатарлы совет жастарының кең топтарын біріктіретін партиялық емес, бұқаралық ұйым (Саяси сөздік).
2. Белгілі бір мақсат жолында біріккен адамдардың тобы; саяси бірлестік.
Қосылды тілегі де, жүрегі де,
Не істесе де бұлардың ақылы бірге.
Жасырын ұйым болып ұйымдасты,
Қарайды бір әйнектен келер күнге (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Жасыл еді-ау манарлы,
Асыл еді-ау жанарлы
Бүгінгіден бұрын біз.
Жете болып жететін,
Парық болып өтетін
Қолы қалың ұйымбыз (Қабан жырау. Алтын қазық ).
Аштарға ас, жалаңашқа беріп киім,
Егінге сайман сайлап аштырды ұйым,
Қондырып жар басына жатақтарды,
– Ал, – деді, – табиғаттың дарқан сыйын (О.Шипин, Дастан.).
Бақанас, Байқошқардың көп сабазы
Жиып ап қыран бүркіт, жүйрік тазы.
Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып,
Ойда жоқ бидай менен шөптің азы (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Нашарға көңілдері еріп жатыр,
«Мә, жәрдем!» – деп аямай беріп жатыр,
Ұйымнан, ынтымақтан басын тартпай,
Сөзге, жөнге, қатарға кіріп жатыр (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Жәрдем ұйымы босқындардың қыз-қатын, бала-шағағасын саттырмасқа һәм ешкімге сатып алдырмасқа керек; Бұл өз қолынан келмеген жерде жергілікті әкімдердің көмегімен орындайтын болсын (М.Дулатов, Шығ.).
Адам сатылған малы мен ақшасы түгелімен жәрдем ұйымының қазынасына түсетін болсын, иесіне қайтарылмасын, сатылған адам иесіне қайтарылсын. Адам сатып алғанға салынатын айып әлгі кісіге төлеген малы жәрдем ұйымының, қазынасына кететін болсын (М.Дулатов, Шығ.).