lat: ULPA
сын. 1. Мамықтай, үлпілдеген, жұп-жұмсақ.
Үкідей ұлпа жүнді ақ бота тайраңдай ойнақтаған болады (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан).
Қалың жабағыны құстың ұлпа мамығымен бедерлеп, қой жүн шекпенмен тыстаған күпі суыққа беретін емес (Т.Нұртазин, Адам.).
Шығыс жақта түткен мақтадай жеңіл ұлпа бұлт (Т.Әлімқұлов, Туған.).
2. Өте ұсақ, мап-майда. Маңғыстау шаңы күрпілдеген ұлпа шаң (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).
Ұлпа топырақтар ыспа құмдарды күн көзінен көлегейлеп жатады («Лен. жас»).
Қара май мен ұлпа тозаңнан көзім ғана жылтырайды (Ш.Мұртазаев, Табылған.).
Бұлт деген тамшы бір табын,
Білгенмен мұны, түрінде
Тамшының, будың, ұлпаның
Таңба жоқ, ен жоқ бірінде (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
3. Кейбір өсімдіктің басындағы үлпілдеген жұп-жұмсақ бөлшегі.
Күріштің күтімі жақсы болғандықтан, ұлпалары 20 шақты күнде қатайды (С.Мұқанов, Сырдария).
Мақтаның үлбіреген ақ ұлпасын Түсірмей терсең жерге жалғыз басын (С.Бегалин, Таңд. шығ.).
Қамысы жас баланың білегіндей,
Ұлпасы үкі құстың түлегіндей.
Көл айнала шыққан шөп омартаның,
Ширатылған таза, шым жібегіндей (С.Мұқанов, Шығ. жин.).
Қарғып өтіп шилерден,
Қағып-сілкіп ұлпасын,
Жер бауырлап, ирендеп,
Жатыр жаяу бұрқасын (C.Жиенбаев, Алтын қалам).