lat: ULY
2 ет. 1. Иттің, қасқырдың даусын созып үн шығаруы.
Күн боран, қас қарайып, болды ымырт,
Айтақтап тұрды қойшы тіке тұрып.
Қанды ауыз ел торыған бір топ бөрі,
Бір-бірін шақырғандай келді ұлып (О.Шипин, Дастан.).
Қасқырлар ұлығанда зәрем ұшып.
Шөбіңді ұйықтамай бақтым, – дедім.
Пұсырман он-он бестей көлікпенен,
Шөбіңді бұзып артып қайтты, – дедім (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Қастерлесең Дала деген ұлы үйді,
Кеткен ұлға қалай ішің жылиды?
Бөрінің де бөлтірігі бүгінде
Батысыңның әуенімен ұлиды! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).
Далада боран ұлыды,
Аңырды әже әуелі.
Кілт тоқтап ұршық зырылы,
Үзіліп кетті әуені (М.Мақатаев, Шығ.).
Азынаған тулап күй,
Қара орманды қыс буған.
Бүкіл орман бір-ақ үй,
Боран ұлып, ышқынған (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Иттің даусы жетпейді,
Ұлығанменен аспанға.
Түсі суық дарияның
Бұзылып сеңі тасқанда (Базар жырау, Шығ.).
Түнімен ит ұлып, сиыр мөңіреді (Д.Қасенов, Серт).
Өзіне қайрат бергісі келеді. Оған да болмайды: ұлыған дауыс әнтек толастап бара жатады да, тағы да естіледі (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Қыс болса, сасық үңгірдін ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр (М.Жұмабаев, Шығ.).
Желдің жыбыр-жыбыр сөйлегенін, дауыл боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. (М.Жұмабаев, Шығ.).
Аяз боларда қасқырлар да ауыл маңына жақын келіп ұлиды (X.Қыдырбаев, Қазақст. хайуанат.).
2. ауыс. Боранның, желдің гуілдеп, азынап қатты соғуы, үннің, дыбыстың созылып шығуы.
Күнде бораны ұлып тұрған қыс ішінде жас баламен елге жетуді орындалмас қиял екеніне көзі жеткендей (К.Сегізбаев, Қойауда.).
Жер солқылдайды,
Жел ұлиды (С.Омаров, Жүйрік.).
Кеште таулар түтіндеп,
Соқты құйын аптығып.
Құм даланы түтіп жеп,
Аш бөрідей жатты ұлып (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Көзіме келіп тигендей жасынның ұшы,
Ашылды сырым, қайсардың басылды мысы.
Қыңсылап үрген, ұлыған үндерге толды,
Ию да қию иткерке – басымның іші... (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
Көзімнің жауын алдың-ау,
Қарлығаш, тоты, қырғауыл.
Селдете алмай қалдым-ау,
Кеудемде ұлып құр дауыл (М.Мақатаев, Шығ.).