ҰҚСАСТЫҚ

lat: UQSASTYQ

зат. Ұқсас болушылық, айнымай дәл келушілік.

Аттарымыздың ұқсастығы бір биеден туғандай (А.Сатаев, Дала.).

Екеуінің бір-біріне ұқсастығы сондай, ағайынды адамдар екенін кім де болса айтпай білгендей (3.Асабаев, Жарас.).

Бұл келтірген екі мысалдың екеуінде де адамның күйінің көбелекке ұқсастығы айтылады. Ол ұқсастығын қысқалап айтқанда бейнелеу болып, ұлғайтып айтқанда, бүтін мысалға айналып, бернелеу болып кетеді (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Тұқымдастық ассоциациясы екі түрлі: 1) ұқсастық ассоциациясы һәм 2) қарсылық (контраст) ассоциациясы (М.Жұмабаев, Шығ.).

“Қамшыгердегі” Садақбай да тап осы Жеңісхан сияқты мұңды, шерлі жүректі жігіт. Сырттай қарағанда екеуі екі басқа ортада өмір сүргенімен, бейнелері мінездері, дүниетанымдары әр түрлі болса да, екеуінен іштей бір ұқсастық табамын (Қазақ прозасының мұзтауы. Қаз. әд.).

Ол ұқсастық тағы жалғыздықтары… Садақбайдың көрге қамшысын ала кетуінде үлкен сыр жатыр (Қазақ прозасының мұзтауы. Қаз. әд.).

Қиын, Қиын ойланбасаң түбінде

Құр қалбақтап ұшуды нысап тұтқан

Ұқсастық пен ұсақтықтан

Біз әрдайым тиістіміз қорқуға (М.Шаханов, Ғасыр.).

Ұқсастыққа қарай гөр,

Мұндай жоспар бар болатын менде де (М.Шаханов, Ғасыр.).