ҰРПАҚ

lat: URPAQ

1 зат. 1. Тұқым, жұрағат.

Тарихта өлеңім мен жырым жүрсін,

Халықта ән-күйім мен үнім жүрсін.

Айтқаны атамыздың рас қой деп,

Оқыған ұрпақтарым біліп жүрсін.

Сығалай суретімді басып алып,

Төріне ескерткіш қып іліп жүрсін (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Ұрпағымын найза ұстаған атаның:

Қол мергенмін; Көздемей-ақ атамын.

Бір ғана сәт лап-лап етіп алам да,

Сосын ұзақ қызыл шоқ боп жатамын (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

Даңқың қайда төске өрлеген?

Екі жүз мың әскерменен

Алты ай бойы кіп-кішкентай

Отырарды ала алмау

Алты ай бойы Отырардың осал тұсын таба алмау

Ойы дауыл, Сезімі аспан,

Тек жеңіспен көзін ашқан

Менің алғыр ұрпағымның сүйегіне зор таңба,

Намысыма сызат түсті мына сенің арқаңда, деп Шыңғысхан Шағатайға оқты көзін қадады (М.Шаханов, Ғасыр.).

Атадан қалған сол мұра,

Ұрпаққа бізді жалғай ма.

Әркімнің жаны домбыра,

Тек тарта білер қол қайда?! (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

2. әлеум. Қоғамның қарайлас мезгілде дүниеге келген мүшелерінен тұратын топ. Карл Маннгейм өзінінің еңбегінде базбір буынға жататын адамдардың алдыңғы толқын ұрпағына қарағанда дүниетанымы басқарақ болатынын бейнелейді.

Сөйтіп, әрбір ұрпақ адамдарына ортақ бірегей тәжірибе әлеуметтік өзгерістерге жәрдемдеседі (Әлеу. термин. сөздігі).

Күнтуар келген сайын екеуі археология туралы, құрып кеткен өткен халықтар, не болмаса келесі ұрпақтарға ауысқан мәдениеттер көркемөнер жайында ұзақ әңгімелесетін (І.Есенберлин, Маңғыстау майданы.).

Бұған қайғы жемесін Бізден кейін келсе ұрпақ. Кеткен екен демесін Желмен бірге жер сипап (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

3. Өмірдің жалғасы, болашағы.

Сен солардың аңсаған ұрпағысың,

Солар еккен орманның бір талысың.

Жаралғансың өмірге өлгендердің

Өлмес әнін қайтадан шырқау үшін (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Әлди-әлди, құлыным,

Әлди-әлди, іңкәрім.

Менің ұзақ ғұмырым,

Менің сәби ұрпағым (С.Мәуленов, Алыс кет.).

4. Ел-жұрт, халық.

Соққанда қуаныштың желі бұрқап,

Жарқырар ұлы Абайдың елі шырқап.

Үлкен бір жиындарда ақыным деп

Еске алар шапағатпен мені де ұрпақ (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

5. Бала-шаға.

Еспембеттей ұрпағын

Өте жақсы көретін,

Маңдайынан иіскеп,

Батасын ұдай беретін (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Ұл-қыздарың ұрпағың,

Еркелеп өссін қасыңнан.

Атағың артсын қарағым.

Қол үзбей тату досыңнан (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

6. Малдың тұқымы, тұяғы.

Бұл тұқым араб жылқысынан бұрын шығарылған және ең ескі тұқым болып саналады. Ол осы күнгі түрікмен жылқысының ұрпағы (Қазақша мал атаулары).