ҰСАҚ

lat: USAQ

сын. 1. Кішігірім, майда, уақ.

Қарсыда қара бұлттан,

Қайғылы аппақ туар Ай.

Тұманды көкте жыбырлар,

Жұлдыздар ұсақ ұшқындай (М.Жұмабаев, Шығ.).

Тау басында бар қара ұсақ топырақ,

Қапқа толтыр кешікпей, жылдамырақ.

Қап толған соң арқанға байлап жібер,

Саспай шешіп алғанша тоқта, бірақ (Абай, Тол. жин.).

Қап бәлем, қашпай енді қара да отыр,

Үш қужақ бар, Жап-жақын арада отыр.

Әбдіахмет дейтұғын есепқор бар,

Бір-бірлеп ұсақ құмды санап отыр (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Шайдың көркі қант пен май, бауырсақта,

Шай ішпей тұра алмаймыз ауырсақ та.

Кәріні сыйлаймын деп ниет қылсаң,

Майлы етті ұсақ турап, сарымсақта (Шал ақын, Өлеңд.).

2. ауыс. Тиыннан құралған майда ақша.

Ұсынған ақшадан ұсақ қайтару дегенді білмеймін (Е.Айтмағанбетов, Құлақ.).

Стол үстінде қой отарындай жайласып жатқан көп ұсақ.

Осы ақша ұсақтауда кезектесіп істейтін үш қызметкер бар (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).

3. ауыс. Қой-ешкі, уақ мал.

Өзгесі қой-ешкі дегендей ұсақ мал (С.Мұқанов, Өмір мектебі.).

Саурық жан еншің деп үш құлынды бие, екі бұзаулы сиыр, жиырма шақты ұсақ мал берген (Ә.Шәріпов, Сахара қызы.).

Кешелер өздері көрген құс, шошқа фермаларының биылғы кірісі былтырғыдан екі есе артса, ұсақ мал мен ірі малдың басы да, ақшалай түсімі де былтырғыдан біржарым есе артық (Б.Тоқтаров, Қырандар қанаты.).

4. ауыс. Күйкі тіршілік, уақ-түйек.

Қажытпайды тірліктің қай ұсағы!

Білімдар мен зұлымдар сайысады.

Қабырғаңа қарыздар батса бұрын,

Қазір енді парыздан майысады! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

5. ауыс. Қақ-соққа құмар, өсек-аянға мән бергішдам).

Бұл заманның халқына

Ұсамайды формасы

Басқаша біткен түр еді.

Құдайым білсін қандайын

Ұсақ емес ірі еді (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

Дариға, не ойламайды кәрі арыстан,

Тірлікте ұсақтармен жаны алысқан,

Қашанда көрінетін әдеті ғой

Өзінен өрбігеннің бәрі данышпан (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Аға деген бар жасты іні көрдім.

Жеткенінше жанымнан жылу бердім.

Ұсақтарға менсініп қарағам жоқ,

Өтей бердім міндетін ірілердің (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Қазағымның ірісі, ұсағы да,

Есегі де, тұлпары, ұшағыда,

Тентегі мен телмірген осалы да,

Тегіс сыйып тұрады кұшағыма (К.Салықов, Жезкиік.).

6. ауыс. Кішкентай, болмашы нәрсе.

Алаңдап, қайтсын көңіл алабұртпай,

Уақыт сүт пісірім аралықтай,

Сағындым, сағынғанда, әдеті ғой,

Ұсақтың көрінетін бәрі алыптай (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

7. ауыс. Жұқалтаң, сіркіреп жауған, майда (жаңбыр, қар).

Биылғы жаз жаңбыр боп өтті,

Ұсақ балапан жаңбырлар,

Мөлдір жаңбырлар

Теректерге жауды да кетті (С.Мәуленов, Алыс кет.).

8. ауыс. Мәнсіз, елеусіз, қарапайым.

Ұлы әңгіменің мақсаты көптің өмір сарынын суреттеп көрсету болғандықтан бұл туралы шығармаларда адамның да, уақиғаның да ұлысына, ұсағына бірдей назар салынады (А.Байтұрсынов, Шығ.).