lat: USHQYN
зат. 1. Жалын шашқан ұсақ шоқ.
Шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшты да,
Біразырақ шоқ қызара түсті де,
Дереу сөніп, тезірек күлге айналды,
Астындағы ыстық күлді құшты да (М.Жұмабаев, Шығ.).
Болса да суық қысты күн,
Соғады бетке мұнда аптап.
Көтеріп оттың ұшқынын,
Көшеді бұлттар будақтап (C.Жиенбаев, Алтын қалам).
Шықылдаған балға, жарқылдаған ұшқынға бір кезде Мейрам елең етті (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).
2. Ұшқындап жауған майда қар, қылау.
Дәметкен «Күнім!» деп құшақтай ап, қардың ұшқындары жабысқан сұп-суық бетінен өбе сүйіп-сүйіп алды (С.Мұқанов, Аспаз.).
Лақтырған аспан саулатып,
Жұлдыздай қардың ұшқыны,
Тұрғандай жазды толғатып,
Аязды, ойлы қыс күні (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Өтті қарлы соңғы ұшқын,
Кетті көлкіп жер көлдей.
Соңына еріп сол құстың
Көктем суыт келгендей (С.Мәуленов, Алыс кет.).
3. ауыс. Бір нәрсенің белгісі, нышаны, көрінісі.
Ұшқын болып тұр көзде,
Лапылдайды бір күні.
Өлең деген бір кезде
Абақтының тұрғыны (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).
Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр (М.Жұмабаев, Шығ.).
Абай Дәрмен жүзіндегі басылмаған ақындық ұшқынды танып тұр (М.Әуезов, Абай жолы).
Осы арада жүрегіңе махаббаттың бір ұшқыны түскен тәрізді (Ғ.Мұстафин, Ой әуендері.)
Кейбіреу жүр мысқыл айтып ашқылтым,
Тұздығында ұшқыны бар қастықтың.
Екі көзін май басыпты, шел қаптап,
Тоя жеуден тастағанын бастықтың (К.Салықов, Жезкиік.).
Хадиша көңілінің арғы түбінде ажуа, мысқылдың жылтылдаған ұшқынын байқап қалдым (З.Шашкин, Өмір тынысы.).
4. Шашыранды, ұсақ зат.
Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззат алар едік? Ол көз нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұрсын үшін қабақты беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті (Абай, Тол. жин.).
5. ауыс. Болмашы, кішкене нәрсе.
Ұшқыннан өрт шығады (Мақал).
6. ауыс. Қайрат-жігер.
Алған ұлы елінің күш туынан,
Өткен соғыс суығы, ыстығынан.
Алау жағып достарын жылытты ол,
Өз жанының жалынды ұшқынынан (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Лаулата алмай бойдағы бар ұшқынды,
Жүрген кезім армандап алыс қырды.
Бірде мені Төлеген Айбергенов
Тарлан ақын Тайырмен таныстырды (М.Шаханов, Ғасыр.).
7. ауыс. Махаббат, сезім.
Өзің лаулат жүрегімнің ұшқынын,
Заңғар биік махаббаттай ыстығым.
Россиям – Радищев, Герценім, Некрасов, Пушкинім (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).