ҰШЫР

lat: USHYR

2 ет.1. Құсты аспанға әуелету, қалықтату, жіберу.

Ұшырсам қырдан асасың.

Қасқыр, құлан, түлкіні

Бауырыңа басасың.

Көргенде көзім жанады,

Құмарым менің қанады (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.).

Айтқандарың болсын деп,

Тұрды Әли қол қусырып,

Жалбағайға келгелі,

Қалған екен ысылып.

Жалбағай да қуанды,

Қыран құсын ұшырып (О.Шипин, Дастан.).

2. Жел қағу, жел соғу. Бұл қабірдің әр тасы екеуіне санаулы.

Әлдеқалай жел ұшырып түсірген шөп-шалам болса, оны алып тастап, немесе топырағының ойсыраған, қопсыған жері болса соны қайтадан түзеп оңдай отырысады (М.Әуезов, Абай жолы).

Жел бейіттің тау жағынан топырағын ұшырып, екінші жағына жалданған қармен басып жатыр (М.Әуезов, Шығ.).

Әлгі де ғана мынау қара жақпарды қақыратып сөгіп, күл қылып аспанға ұшырып жібере жаздаған қуатты да сұсты сөздер құлағында әлі жаңғырып тұр (Ә.Кекілбаев, Үркер.).

Ұшырды жапырақты жел екпінді,

Қашанда сыйлаған ол елеп кімді?!

Жоғалтқан ойыншығын жас баладай,

Ыңылдап үй жанында терек тұрды (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

3. Әуеге ұшақ шығару. Жау әуелі самолет ұшырып, үстімізге бомба сеуіп бір өтті (М.Дүйсенов, Гүлжан.).

4. Қырмандағы астықты қауызын желдетіп тазарту.

Екі жеңін сыбанған жас жігіттер, шалбар киген қыздар қырманға төгілген бидайды ұшырып, желге кептіреді (3.Шашкин, Өмір.).

Кешке дейін қара суықта бидай ұшырып тоңған Болпаш үйге келген соң бойы жылып, маужырай ұйықтап кетті (Л.Құрманаева, Өшпес.).

Аманкелді әлгіні сабағынан сындырып алып алақанымен үгітті. Қауызын ұшырып тазалады (Қ.Найманбаев, Серт.).

5. ауыс. Лақтыру, екпіндете соғу, құлату, мерт қылу.

Есбатыр деген жігіт жергілікті Көш бастап көп ішінде көзге ілікті. Әлимен жас шағынан қатар өскен, Ұсынса ұшыратын ор киікті (О.Шипин, Дастан.).

Санап атты жауларын,

Амангелді ұшырып,

Сақа тиген асықтай,

Шалқасынан түсіріп (О.Шипин, Дастан.).

Көшке шапқан солдаттың

Қылт еткенін ұшырды,

Сұңқардай батыр түйлігіп (О.Шипин, Дастан.).

6. ауыс. Жарыққа шығару.

Алма бақ, асау өзен, қарлы шыңдар,

Аман-сау барлығың да бармысындар?

Ұшырған өздеріңе ән-құсым бар,

Арналған өмірім бар, алғысым бар! (М.Мақатаев, Шығ.).

Қыран жайлы бір жырды

Ұшырдым саған жас ұрпақ.

Анда-санда алдыңа

Бір келетін атаңды

Жүрмесең бопты жатырқап! (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

7. ауыс. Баптау, өсіріп-өндіру.

Жырлаған қанды майдан жортуылын,

Құлақта, Торғай, сенің толқын жырың.

Әуелде өзің мені ұшырып ең,

Әрқашан қонақтайтын бол тұғырым (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Көрермін жазың бар ма, қысың бар ма,

Ұмтылып мұратыңды құшып алға.

...Қырандар дәл осылай баулитұғын

Қияға балапанын ұшырарда (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).