ЫНТА

lat: YNTA

з а т. 1. Бір нәрсеге ауған ықылас, құлшыныс, ниет. Ы н т а ғамалға айналмаса ішкі ы н т а болады да қояды. Ісі жоқ құр ы н т а кәдеге аспайтын бұйым сияқты, нөл сияқты мәні де, мағынасы да жоқ нәрсе (А.Байтұрсынов, Шығ.). Білімсіз ы н т а жарығы жоқ отпен тең (Маржан сөз). 2. п е д.-п с и х. Адамның белгілі бір іске ықыластана кірісіп, нәтижелі орындауға тырысуы. Ы н т а іске қызығушылықтың негізгі ұйтқысы болып саналады. Бұл туа берілетін қажеттіліктер (жоғары жүйке қызметінің өзіндік ерекшеліктері, т.б.) мен қоғамдық өмірдің, оның ішінде мәдени ортаның ықпалынан болатын қажеттіліктерге байланысты (ҚҰЭ). Тәрбиеші «ы н т а» деген сөзді қалай ұғыну керек? Кей ғалымның сөзінше, ынта талаптану, талпыну, бір нәрсені істеуге ұмтылу мағынасында, кейбір ғалым «ынтаның» мәнісін бір нәрсемен шұғылданғанда жанның түшіркеніп келешек іске талпынуы деп түсіндіреді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Ы н т а іс-әрекет кезінде қалыптасады. Оның ойынға, оқуға, еңбекке байланысты түрлері болады. Ы н т а істі ойдағыдай орындаудың шарты. Сондықтан баланы кішкентай кезінен бастап пайдалы іске ы н т а с ы н тәрбиелеу мектептің, отбасының ең негізгі міндеті (Қаз. тілі термин. Педагогика.). 3. а у ы с. Ерік-қалау, мақсат. Ғарыш нұрлы жүзі бар, Кәусар жібек сөзі бар, Әдемі, алмас ақ қанат. Жануарлар жердегі, Ы н т а с ы жақын көрмегі, Таңырқады анталап (М.Жұмабаев, Шығ.).