АТА

lat: ATA

з а т. 1. Туған әке, өз әкесі.

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ (Абай, Тол. жин.).

«Балаға ақылын бұрын бермей, ашуын бұрын берген атадан бала үлгі ала алмайды»,- дейді Абай (М.Әуезов, Әр жыл.).

Ата көрген оқ жонар,

Ана көрген тон пішерақал-мәтел).

2. Үлкен әке, әкенің әкесі.

Мұхтардың атасы Әуез Абайдың құрбысы ғана болып қоймай, сонымен бірге пікірлесі де болады (М.Қаратаев, Туған әдеб.).

Сен бір ғажап сұлуға үйленгенде

Атаң тойды бастасын, әжең қоштап (Т.Молдағалиев, Өлеңд.).

Атағабес жасыңда құлындайсың,

Көздің нұры, көңілдің буындайсың (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Кішісі Әбдісұлтан жүрмек болды,

Ол-дағы атасынан рұқсат алып (Базар жырау, Шығ.).

3. Адамдардың туыстық, жақын ру ішіндегі қандастық жігі, тобы.

Он ауыл төрт атаға бөлінеді (Б.Майлин, Шығ.).

Әлім алты ата болады және Әлімге Шөмен (шөмекей), Кете, Ожырай деген рулар қосылады (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).

Ата жағынан қуғанда, мен Әлтидің туысымын (С.Мұқанов, Өмір мектебі).

Жақсы атаның баласы екенсің. Мен де бөтенің емеспін: Сармантай ішіне сіңген, баяғы Ағыбай батырдың тұқымынан боламын (Ж.Жұмаханов, Үш бәйтерек).

4. Тегі, нәсілі, шыққан жері, тұқымы.

Кім жетсе талабы, өнерімен жетеді. Оларға атаң қалмақ деп кім бөгет болады? (Абай, Тол. жин.).

Атасы адам болмаған кісілікке жетіссе,

Қызғаншақ, көңілі тар болар.

Не нәрсені қор тұтса (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Атамыз бірге туған қазақ, созақ,

Қорқытып көп ішінде бердің ғазап (Кердері Әбубокір, Қазағым).

5. Ерлі-зайыптылардың қайын әкесі.

Сәденді жас әйел ата, қайнағаларынан жасырынатын болса керек, жаулығының ұшымен бетін қалқалай келіп, оған қолын ұсынды (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

Ғұрып бойынша, күйеу ежелден ата сыйлайды ғой. Ал күйеуді пайғамбар да сыйлап өткен дейді (К.Тайшықов, Окт. ұшқыны).

6. Қария, қарт, ақсақал.

- Ей, ата, қылған ісің рас екен. Қонақ боп біздің үйден дәм тат,- деді (Абай, Тол. жин.).

- уа, ата, жаһан кезген мен бір бала,

Мен де жоқ туған-туыс, ата-ана (Ж.Саин, Таңд. шығ.).

- Сәлеметсіз бе, ата, -деді ұлтай сыбызғыдай жіңішке үнмен, көзіне құйылған терін сүртіп (Қ.Әбдіқадыров, Мақташы.).

7. Үйірге салатын тұқымдық мал, аталық.

Етіңіз а т а малға ұқсамайды,

Не аза, не киіттен келгенбісің?! (Шал ақын, Өлеңд.).

Ата мал қоюға түсі барандау, суыққа төзімді, өсімтал, денесі шомбал аталықты таңдайдыаз. тілі. диалек. сөздігі).

8. а у ы с. Бір нәрсенің негізі, басы, түп-төркіні.

Мұңдасы, көшкен елдің қиялдасы,

Ал тебірен, ақ сақалды күй атасы:

Келеді сені тыңдап баяғыдан

Өлкенің өзен, тауы, қия, тасы (Х.Ерғалиев, Құрманғазы).

Қазақта «су атасы - бұлақ, сөз атасы - құлақ, жол атасы - тұяқ» деген мақал бар (С.Мұқанов, Саяхат.).

Байлықтың атасы - еңбек,

Анасы - жер.

Сырын білмей бой салма,

Атасы оның текті деп (Қаз. ақын. шығ.).