АЩЫ

lat: Ashshy

с ы н. 1. Тұщы емес, тұзды, сор дәмі бар.

Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз,

Қалды ғой жатақ болып қайран елдер.

Ащы су, бізге қалды шөл далалар,

Жақсы жер қалдырмады егін салар (М.Дулатов, Шығ.).

Көшіп барып қамалмай, қоныс сайла.

Қанжығаңа кетпен шот, байлан қайла.

Тұщы теңіз емессің, ащы сорсың,

Мидай тақыр боп қалмай, су боп қайна (М. Көпеев, Шығ.).

Шөбі сортаң, суы ащы,

Түйеден басқа төзе алмайд,

Отряд келмес деп еді.

Ұлыққа сенген би-болыс

Қалың елге ермеді.

Тентек ояз алдында

Жүгірумен терледі (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Пісіп тұрған еттерін малшының ең мол тамағы ащы құрттарын қоржынға толтыра салып алып, Жұманға әкетті (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке).

//Сортаңды, ащылы жерге өсетін шөп. Қой жусан мен ащы екеуін жақсы жейді (Ш.Уөлиханов, Шығ. жин.). Ел бауырға алғаш келген кезде ащы сағынған мал тарлау, жусан, көкбек, жалмаңқұлақ сияқты ащылы шөпке әбден қанып, жазыққа түсіп тыраңдап, шаңдыаяққа аунап жетісіп қалса да... сентябрь туған соңақ бұрынғы жайлаудағыдай жұма сайын салы қонысқа қона алмай. ауылдың маңы шаңдақ тартып, тақырлана берді (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Ащы іздеген аруаналар алыс жалдарды төскейлеп әлдеқайда маңғыстап барады (Ә.Кекілбаев, Дала.). Мәселен, жылқы ащы шөпті аз жеп, бозды көп жейді, түйе ащыны көп жеп, бозды аз жейді (А.Байтұрсынов, Көп нәубетті.).

2. Ауызды, тілді дуылдататын, тәтті емес.

Бойыма сен біткенде, болып жерік.

Алаптан ащы жуа жедім теріп,

Ашуы көзден жасты ыршытатын,

Жүруші ем ер болар деп, саған сеніп (Қ.Тоғызақов, Сібір Омар).

Сен десе, жұрт таласады,

Мен десе, сырт қарасады.

Сен тәттісің, мен неге а щ ы?

Достым, соның сырын ашшы! деді қызыл бұрыш қарбызға (Т.Әбдірахманова, Білесің бе?).

Аш қарынға ащы пияз (666 мақал.).

3. Қою, қара (шай туралы). Азанғылықта ащы шайға қанып, ішкі сарайын ашып алмаса, бойының байсалдылығы күнұзаққа арылмайды (Т.Әлімқұлов, Сейтек.). Медеужанға ұқсаған бет-аузы қожалақ, кішкене самаурынның сол жағында, қызыл жиек шыны-аяқты төрт саусағымен шошайтып ұстап, Алтынай тершіп, ащы шайын ышқына ұрттап отыр (Ж.Аймауытов, Шығ.).

4. а у ы с. Уытты, зәрлі, өткір; әсері. Тәкежан айлалы қыр тауып, ащы мысқыл айтты (М.Әуезов, Абай жолы). Ащы сықақ тілмен ұйқышылығы, күш көлігін орынсыз қинайтындығы сыналыпты (Б.Соқпақбаев, Алыс. ауыл.). Милиқияға да сен сияқты айқайшы керек деп ащы әзілмен шығарып салды (К.Тоқаев, Тасқын).

5. а у ы с. Дауысы қатты, құлақ тұндыратын, үні. 

Көкорай көктем болғанда

Дауысы бар күңірентіп,

Қайрауықтың ащы күйіндей

Қайырып боздап күйлентіп

Боталаған боз інген

Азан-қазан, у да шу

О да бір алса мазамды-ай (Ақтамберді Сарыұлы // Алдаспан).

Тек бірсыпыра уақытқа шейін Бұзаубақтың қасынан ащы үнді күңкілдер естіліп жатты (С.Сейфуллин, Әңгім.).

Кенет ащы шу естілді.

Бұл не дабыл?

Масқара!

Туырлықтай сең үстінде барады ағып жас бала,

Қазір-қазір бітеді енді, аунап кетсе, болғаны...

Онда балғын бір өмірдің

Мәңгілікке солғаны (М.Шаханов, Ғасырлар.).

6. а у ы с. Қиын, ауыр, азапты. Бұл жырларда ұзатылар қыз өз ата-анасының үйіндегі еркін тірлігін мадақтайды және ата-анасымен қоштасуға тура келгендіктен, болашақ қайын енесінің үйінде ащы өмір күтіп тұрғанына қайғырса, ал айналасындағылар оған басу айтып, жұбатады (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Ене мен келін ғана екеуден-екеу қалғанда, біріне-бірі көрген түстерін айтысып, өткен-кеткен ащы, тұщы жайларын кезек-мезек шертетін (Ғ.Сланов, Асау арна).

Толқиды осы күнде көңіл тәуір,

Үн қосып ащы, тәтті, жеңіл, ауыр.

Аққудың әні болып естіледі,

Сағаттың таңертеңгі қоңырауы (К.Салықов, Жезкиік).

7. а у ы с. Қарсы, араз, жау, қырғиқабақ.

Ағайынмен ащы боп,

Ара түспе балаға.

Үйде жүрсе, оңбайды,

Тағы бір күн сорлайды,

«Бәрі азығы далада» (Қ.Тоғызақов, Сібір Омар).

Кім еді болсын деген мұны басшы,

Болғанмен түбіміз бір, болдық ащы.

Отырмыз осылайша шиеленіп,

Түйінін тауып мұның өзің жазшы (Т.Ізтілеуов, Рүстем.).

Ағайын ащы, мал тұщы (Мәтел).