ӘДЕМІЛІК

lat: ÁDEMİLİK

з а т. 1. Сүйкімділік, тартымдылық, ұнамдылык. Нәзіктік шіркін әдептілік пен әдеміліктің сиқырлы символы ғой («Қаз. әдеб»). Әгәрки, ақылдың тұрағы әдемілік болса, күллі ауылдың ақыл-ойы әйелден Алмаға, еркек кіндіктіден Ұлғазарға қонақтаған болар еді (М.Гумеров, Шыңырау).

2. Әсерлілік, үйлесімділік, бедерлілік, нақыштылық. Сол сияқты дарынды сөзді ақындығы шамалы адамнан да жақсы ақындардың сөзін оқып, әдемілігінен әсер алып үйреніп қалған, оқыған жай зейіні ашық адамдар дарынды сөзді артық сынауы ықтимал (А.Байтұрсынов, Шығ.). Сөз көркемділігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады (А.Байтұрсынов, Шығ.). Көркем сөздің әдемілігі көбінесе сыртқы жылтырағында емес, ішкі мазмұнында, яғни салмақты пікірінде жатады (С.Мұқанов, Өсу жол.).

3. э с т. Сұлулык, көркемдік, әсемдік. Біз неше түрлі әдеміліктерден фантазия арқылы ғана ләззат ала аламыз (М.Жұмабаев, Шығ.).

Жан толқытар жыр іздеген,

Әдемілік нұр іздеген,

Қиял құлымен бір ақын (М.Жұмабаев, Шығ.).

Мұнда бирма халқының асқан шеберлігін де, таң қалдырарлық даналығын да, шамаарқын да, архитектурасының сарқылмас әдемілігі мен ой-өрісінің кеңдігін де, көркемдік байлығын да көресің (Ә.Шәріпов, Алыс.). Қазіргі әсем, сәнді заттардың әдемілігі қандай болса, оның адам баласына берер рухани тазалығы да сондай (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).

4. Жарасымдылык, сәнділік. Одан жасалатын сан алуан таза киімдердің әдемілік ажарын жаяу жатып, атты түсіп қарағандай (Дала қырандары).