АЗАМАТ

lat: AZAMAT

зат. 1. Кәмелетке толып, ер жеткен адам; жігіт.

Ал енді сен азаматсың ! деп маған,

Арбасына отырды да кетті ағам.

Тағы да бір қайрылмас па екен деп,

Тозаңдатқан қара жолды бетке алам (1,182).

Азамат едің балғадай

Балғадай шағың өткен бе?

О, дариға, арман-ай!

Ұмыт боп бәрі кеткен бе?! (3,174).

Асанжан, азаматсың ғой сен. Бану саған аманат! Қанша дегенмен қыз бала ғой, байқай жүргейсің, сақ болғайсың! (4,224).

2. Бүкіл бір елдің, мемлекеттің тең құқықты адамы .

Момын елдің, арқа сүйер, азаматы біз едік,

Жеке-жеке бақыт іздеп, жеке өмір түзедік,

Жетер енді! Туған жердің топырағына тізе бүк! (2,148).

Ол өз заманының, өз ғасырының аяулы азаматы болды (4,245).

3. Ер адамға қарата айтылатын қаратпа сөз .

Азаматтар, оралыңдар елге,

Туған жерсіз бақыт та жоқ, бола қалса сенбе!

Қалай ғана оралмассың, бара алмассың сендер,

Кіндік қаның тамып қалған қасиетті жерге! (3,229).

Жол болсын, азаматтар ! Қай жаққа бет алып барасыңдар? деді (4,118).

Жоқ! Жоқ! Азамат, ондай рахат біздің этикамызға жат (4,230).