ӘДЕМІ

lat: ÁDEMİ

сын. 1 . Ажарлы, сұлу, көрікті, келбетті (адам).

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса дағы бармайсың.

Әйелдер-ай! Әйелдер-ай, қандайсың?! (2,119).

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай, Ойбай!..

Бола берсін көп мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі ,

Әдемілік бізге көптік етпейді (2,119).

2 . Сәнді, келісті, әсем (зат, нәрсе).

Әдемі үйлер, әдемі жандар жайлаған,

Қаһарлы қысқа пысқырып тағы қоймаған.

Ажалдың аяз, қараңғы, зәрлі лебі,

Ешқашан оның кереметтерін жоймаған (4,13).

Мыңғырған мың жылқының арасында жалғыз жирен құлынның ғана мойнында әдемі , құйттай жез қоңырауы бар еді (4,269).

3 . Ұнамды, жарасымды, жақсы (киім).

Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ,

Бір қыз кетіп барады жалаң-аяқ,

Жалтыраған әдемі топылиын,

Кім біледі, жауыннан барады аяп (3,85). Асан әйелдердің әдемі тонын ораудан алады (4, 204).

4 . Әсерлі, жағымды, тартымды; бейнелі, көркем (жыр, ой).

Күнім бітіп, егер жолда қалмасам,

Ғасырменен бірге өсер ем, жалғасам.

Басқа ұрпақтың ақындары арасында,

Әттең шіркін, әдемі жыр арнасам (4,22).

Ол сарыла жүріп тапқан әдемі ойын оқушысына жеткізу жолында әсіресе қызыл әсем сөзді, тастай қатқан ұйқасты, ұрдым-пердім ырғақты тәрік қылуға бар да, ойын көмескілеуге жоқ (4,282).