БӘЙБІШЕ

lat: BÁIBİSHE

зат. 1. Байырғы қазақ қоғамында көп әйел алған еркектің бірінші әйелі .


Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп,

Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып.

Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп,

Бейкүнә, момын бәйбішені отыр қыжырып (2,107).


Әбіттің бәйбішесі де үйінен шығып, жоғары аяңдады (4,189).


2. Әйелі біреу болса да, сыйлау мәнінде күйеуі оны «бәйбіше» деп атай береді.


Тойланбаса тойланбасын, Не етейін.

Той кермей-ақ, сый кермей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін (3,253).


3. Жасы үлкен, бөтен егде әйел адамды құрметтеу, сыйлау мәнінде айтылатын сөз.


Рас қой, рас, бәйбіше. Бәрін де көріп отырмыз, бермеймін деп жүр дейсіз бе, тиыны құрғырдың ретін келтіре алмай жүрсе керек (4,113).