БОСАҒА

lat: BOSAǴA

зат. 1 . Есіктің екі жақтауы .

«Бері қарай, босағаға есік ашып, енгеннен,

Осы жылға өзгешерек, сол екеуміз көргеннен,

Бұл бір ғажап, олай болса, сол ғажапты көрген жөн (5,68).

2 . Үй ішінің төрге қарама-қарсы бөлігі, есіктің оң және сол жағы .

«Босат, балам, қыранды.

Босағаңда қатырма.

Құс қой сорлы тұмарлы,

Бостандық бер пақырға (1,222).

Жекірмеңіз!

Босағасын паналап талайлардың,

Талайлардың басынан секіргеміз.

Себебі жетімдерміз!

Өкінбеңіз, біздерге жекірмеңіз.

Біздер жетімдерміз! (3, 168).

3 . ауыс. синек. Үй.

Өмірге шешем келген осы маңда,

Өмірді сүйген және шошыған да.

Он бесінде жат жұртқа пенде болып,

Жат босаға тұрыпты тосып алда (1, 276).

Жылы орнымнан қозғап, балаларды жылы ұясынан адастырып, ақыры біреудің босағасына әкеліп кіріптар еттің (4,115).

4 . ауыс. Үйдің сырты, ірге тұсы .

Біздің үй болатұғын осы арада

Жататын бұлақ ағып босағада

Орны да өшейін деп қалыпты ғой,

Өтіпті көп уақыт... Тоса ма алда?! (3,262).