БӨЛЕК

lat: BÓLEK /82/

үст. 1 . Басқа, бөтен, өзге .

Күннен бөлек түйір жоқ шар аспанда

Самал да жоқ саялап, толастарға.

Көлбей келіп көкжиек төңкерілген,

Төңіректі қоршаған тау-асқарға (1,260).

Егін салдым,

Мал бақтым,

Тас қаладым,

Бағынам да,

Жұртты да басқарамын.

Жалығам да,

Жабырқап пәс қаламын,

Жырды бірақ,

Жырды мен тастамадым,

Жырдан бөлек қалмады басқа амалым (2,294).

2. Өз алдына, жеке, дара .

Шопан жүр малыменен, көптен бөлек,

Төпеп тұр, келер емес көктен көмек.

Сәуір айын сықпыртып сыбайды кеп.

Құрғырдың түбі түсіп кеткен бе?! деп (3,176).

Жырым, сырым екеуі егіздерім.

Екеуін де бөлек емізбедім.

Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме,

Жабырқаған жаныма ем іздедім (3,265).

3. Оқшау, шеткері, оңаша .

Түсіндім, түсінбейтін өрекпе екем,

Қалай мен адамдардан бөлек кетем?!

О, менің сүттей аққан қос бұлағым!

Айтыңдар, нем бар менің бөлек-бөтен? (2,75).

Махаббат менен кеткен,

Бөлекте жүр.

Мен де бір жасың түскен терек те бір.

Тіршілік махаббаттан таралған ғой, Шәміл-ау!

Енді маған керек не өмір?! (2,170).

4 . Ерекше, айрықша, өзгеше; бөлекше .

Неге? Неге қарайсың соншама ерек?

Айырмамыз, арамыз сонша бөлек .

Аққу деген адал құс, айналайын,

Айдынына аман-сау қонса керек (2,131).

Басқадан өзің бөлек , сөзің де ерек,

Сорлаттың сорлап жүрген кезімде кеп.

Мен сені сағынамын, сезесің бе,

Сезімді сезу үшін сезім керек (3,148).