ҚАЛЫҢ

lat: QALYŃ

сын. 1 . Қабат-қабат, бірнеше қабат; жұқа емес .

Бану үстел үстіндегі сағатына бір қарады да, қалың альбомды алып, ақтара бастады (4,203).

Биыл тағы Алматыға келіп ем,

Досым менің барлығын да тастапты.

Ақысы мол, өзі қалың , жолы кең,

Екі томдық романын бастапты (1,88).

2 . Ну болып, тығыз өскен, бітік .

Мені жырла дегендей қара суың,

Мені жырла дегендей қалың нуың.

Мені ойыңнан қалайша шығарасың,

Деп маған айтқан да еді талай ұлың (1,57).

Сілелеп, құртып мұршаны,

Саят қып тауда жүргенде.

Сая ғып қалың шыршаны,

Кетіппін ұйықтап бір демде (3,258).

Қаза болған қалың егіннен қалған жалғыз ескерткіш осы (4,192).

3 . Көп, мол .

Қиқулаған қалың қол құйын дерсің,

Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін.

Тозған жұртты топырлап тапап кетті,

Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін (2,101).

Ау, аулақта, егісте, шабындықта,

Көздің жасын көрсетпей қалың жұртқа,

Көңлі сүйген ағаға қош айта алмай,

Қалып қойды бейкүнә қалыңдық та (2,336).

4 . ауыс. Күшті, жойқын .

Қанды майдан екшеп жатыр өмір менен өлімді,

Қалың өртте Қарғаш бізге үміт болып көрінді.

Сол үмітке, сол Қарғашқа жетуге біз асықтық,

Әлде қызға, әлде өмірге, әйтеуір, бір ғашықтық (1,308).