ҚАРА

lat: QARA

зат. 1 . Алыстан қарауытып көрінген бір нәрсе, қарайған .

Жетім қалған құлындай құлдыраған,

Көз ұшында бір қара бұлдыраған.

Тағат етіп тұруға дәрмен қайда,

Аттың басын сол жаққа бұрды баба.

Есі кеткен алдында тұрды бала (2,103).

Желпіне барып, желігіп жұрт та басқан-ды;

Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.

Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,

Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды (2,107).

Әр жақ, бер жақ жақта қылт еткен қара көрінбейді (4,117).

2 . Қарапайым халық өкілі, қара халық.

Ақынның да, алапат батырдың да,

Зергердің де, зейінді пақырдың да,

Қараның да, ханның да, төренің де,

Табыттары тұншығып жатыр құмда (2,349).

Өзіңді-өзің, еркежан, алдамашы,

Орындалмас үмітті жалғамашы.

Қарапайым қараны қашан сүйген,

Қолда өскен қайырымсыз хан баласы (2,332).

3 . Қара нәсілді адам д.м.

Олар үшеу еді. Президентке оқ атпаған.

Үшеуі де ақ нәсіл. Ақ атты адам.

Алайда олар қараға, сарыға да,

Адамдық аянышты жоғалтпаған (2,252).

Қаралар да, ақтар да еңбегіңді көргенде,

Берекесіз бейшара боп, жұтынар сені жерлеуге,

Шайнаймын деп, тісі сынар өлепат өңшең шерменде (5,72).

4 . поэт. Адам, адам баласы .

Төрт келіннен алып қалды төрт бала,

Өзі пана, ал өзіне төрт пана.

Қартың отыр түгендеп ап ұпайын,

«Айырбастап төрт қараға төрт қара» (1,289).