ҚАТАР

lat: QATAR

зат. 1. Белгілі бір топтың құрамы, саны.

Қатарымыз қаусады, қалжырады,

Қалжырады, ал бірақ алжымады.

Есіл аспан есінен таңды дағы,

Қар жердің жүрегі қан жылады.

Азап көрді адамдар, алжымады (2,256).

Өткен жылғы сәтті туындылардың санаулысының қатарына іліккен Сағидың «Алтын қаламы», Әділбектің «Маржаны» мен Өтежанның «Кемпірқосағы» (4,309).

2. Бір топ адамдардың, заттардың орналасу тәртібі, реті.

Бәрісі де, ұмтыла, тек ылдиды іздейді,

Әрқайсысы өзінше,

Қатарларын түзейді.

Дарияға қосылып жай тапсам деп теңізден,

Байғұстардың бәрісі күдерлерін үзбейді (1,214).

Кенет олардың шуылы көбейіп, қатары бұзылып, быт-шыт бытырап кетті! (4,184).

3. Бірге өсіп, бірге жүрген жолдастары, құрбы-құрдастары.

Бар, балам, қала көрме қатарыңнан,

Қала көрме үмітті сапарыңнан».

Ақ бас данам... Айналдым сақалынан!

Тұрғызды қорғанымды қопарылған (1,269).

Қалай да қатарымнан озамын деп,

Қатындай күндестігім қозады кеп.

Сабылтып сайқал үміт қолын бермей,

Көзін қысып, саусағын созады тек! (2,159).

4. Бір нәрсенің жаны, қасы.

Қайта оралсын тағы да бір ессіз өткен сапаға,

Бірақ сенсіз, сен қал біздің қасымызда, қатарда,

Ендігі оның бастаушысы қараңғы түн апанда (5,41).

Автор осынысын рубаилар қатарына қосыпты, солай-ақ болсын (4,284).

Сәлден соң әкеге деген мұндай ойы үшін өзін жер бетіндегі ең опасыз балалардың қатарына апарып қойды (4,113).

5. Екі-үш нәрсенің бірге келу ісі (үдерісі), қос-қабаттасуы.

Қатар жүріп қайғы, арман,

Жеңіс күттік майданнан,

Ер едік біз, ер едік

Ерте туып, жай қалған (3,150).

Болғасын ашық, бақтым да ауа райын,

Плащсыз үйден серуендеуге шығайын.

Бұлт пен дауыл, бұршақ пен жаңбыр қатар кеп,

Бұғынар жер жоқ, не амал таптым, құдайым?! (4,23).

Ақындық талантпен қоса ақындық парасаттылық әрқашанда қатар жүреді (4,280).