ҚАРЫН

lat: QARYN

асып пісірілген қарын өте дәмді, құрамында витаминдері мол тағам. Оны ыстықтай да, суытып, салқын тағам ретінде де жей беруге болады. Қарынды ыстық суға салып қояды. Өйткені қайнаған суға салынған қарынның бүрі пышақпен тез қырылып, оңай тазартылады. Тазарған қарын тағы бір рет тұзды суға салынып алынады. Сонда ол әбден тазарып шығады. Жапырақтап кесілген қарын қазандағы жылы суға салынып, тұздалып, бұрышталады қарынды қатты қайнатуға болмайды. Соған орай отты басыңқырап қою керек. Піскен соң табаққа салып алынып, суытылады. Сөйтіп, ұсақтап туралып, тәрелкеге салынады да үстіне дөңгелектеп кесілген пияз себеленеді. Тағы бір рет бұрыштап, тұздалады. Дастарқанға нан қоса әкелінеді.