ОРТА

lat: ORTA

2. зат. 1. Адамның туып-өскен, жұмыс істеген жері, қоршаған қауым.

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым (М.Жұмабаев, Шығ.).

Біздің сол хатымызды ұлы ақынға оның соғыс кезіндегі секретары, қазір біздің ортамызда, менің сол жағымда отырған қазақтың атақты ақыны Ғали Орманов оқып берген (Ә.Нұршайықов, Автопортрет.).

Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды (ҚР Конституциясы.).

Міне, Әлихан Көшіковтің мектептегі ортасы осындай болатын (Қ.Тұрсынқұлов, Олар.).

Қалың бұқараның үстінен қарамай ортасында отырып ойланып, сол бұқараның күнделікті мұң-мұқтажын өзіне дәл жететін тілмен, халықтық теңеулермен сипаттау Асқардың бір өзінің ерекшелігі (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.).

2. Үйдің не орманның т. б. іші, арасы.

Оларды тосып алмақ жеріміз орман ортасындағы кішкентай алаң еді (Қ.Қайсенов, Жау тылында.).

Құраш Иманбаевич жайлап басып, бөлменің ортасына келіп тұрды (А.Жақсыбаев, Бозарал).

Бұлар ағаш ортасындағы кішкене алаңға шықты (А.Сатаев, Дала.).

Әр жерде топтанып отырған тойған құзғындар «қашан ортамызға түсесің, жаназаңды қашан оқимыз?» дегендей, Наталья анаға тұнжырай қарасады (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).

3. Дөңгелене біткен нәрсенің іші, орта тұсы.

Айнала біткен көк шалғын,

Ортасы бұлақ қатпайды.

Батыр туған ер жігіт

Алмасқа берен саптайды (Базар жырау, Шығ.).

4. ауыс. Белгілі бір нәрсенің аралығы.

Өмірдің басы бала, ортасы адам,

Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам. (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Ерткен есепсіз көп дивизиясы,

Сақадай солдаттары сайдың тасы.

Бастаған батыр қолды Әлібидің

Қырықтың ортасынан асқан жасы (О.Шипин, Дастан.).

5. Айдың, жылдың, мезгілдің тең аралығы, жартысы.

Егінді жинап алуды біздің совхоз сентябрьдің ортасында аяқтамақ (Б.Тоқтаров, Қыран.).

Қазір октябрь айының ортасы болып қалды (С.Бегалин, Замана.).

Жаз ортасы ауып барады Байдаулеттің өзі түгілі, алақандай қағазы келсейші (Қ.Исабаев, Өткелде).