ОТА

lat: OTA

ет. 1. Дәнді-дақылды, жеміс-жидекті арам шөптерден тазарту, арылту.

Қыз дереу Мәжит отап келе жатқан жүйектің қарсы бетіне барып та қалған екен (Б.Нұржекеев, Күй толғақ).

Егіннің ішіндегі арам шөбін отап, оны қара бидай сабақ шығарғанға дейін бітіреді (Н.Шоқанов, Топырақ.).

Қант егісін «қызылша» деп атайды.

Арам шөбін өсірмейді, отайды.

Көшеттерін қолмен баптап, реттеп,

Көгендеген қозыдай ғып матайды (А.Байтуғанов, Солдат.).

2. ауыс. Қырып жою, жоқ қылу, құрту.

Өлеңім жүрек жанып, саған ортақ,

Күні жоқ жан жүректің болған қорқақ.

Батыр бол, Майдандас та, жауды ота!

Қайрат қыл, үлгі алатын кейінгі ұрпақ (Пернедегі терме.).

Ол шалғынды емес, іріп-шіріп, семіп-сөнген ескі дүниенің тамырын отайды (С.Мәуленов, Үркер.).