ӨЛШЕМ

lat: ÓLSHEM

зат. 1. Өлшеу бірлігі; мөлшер, шама.

Фермаларда сиырларға жем-шөп ғылым мен тәжірибе негізінде жасалған азықтық өлшем бойынша беріледі (С. Ғабдуллин, Өрлеу.).

Күн тәулігіндегі бір секунд дегеніміз жердің бір рет айналып шығуына кететін уақытты 86400-ге бөлгенде шығатын өлшем екен (К. Әбдіғапаров, Қызықты физика). 

Одан әрі қуаттың формуласы жазылып, өлшем бірліктері тағайындалады (Қазақстан мект.).

2. ауыс. Меже, шек.

Кешегі бүгінгіге өлшем емес деген осы да. Бүгінгі де ертеңге өлшем болмақ емес (С. Ақтаев, Дала.).

Жүректе жоқ екен ғой өлшем деген, Көрмей-ақ жүр екем ғой көрсем де мен (Т.Айбергенов, Өлең. Жин.).

Күн шығады, күн батады осы енді, «Бір күн» деген уақыттың өлшемі (Ә.Абайділданов, Алыс көкжиек).

3. физ. Берілген мөлшердің физикалық шамасын көрсететін өлшеу құралы.

Өлшеу дәлдігіне және қолдану мақсатына байланысты өлшем үлгілік (эталондық) және күнделікті қолданыстағы болып бөлінеді (ҚҰЭ).