ӨНЕРПАЗ

lat: ÓNERPAZ

с ын. 1. Өнерлі, дарынды.

Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан (Абай, Тол. жин.).

Қандай мекеме, ұйым болсын, қандай ғалым, маман, өнерпаз болсын, илансыз ешбір іс қылмайды (Ж.Аймауытов, Шығ.).

2. Ән, би, күй т.с.с. өнерді жетік меңгерген.

Шынында Нағима Әбілова бес аспап өнерпаз. Ол домбырашы, әнші, термеші, Сондай-ақ өзі де ән-өлең шығара береді («Қаз. әдеб.»).

// Әнші, күйші, биші т.с.с. өнерлі адам.

«Мен данышпан» дегендер толып жатыр,

Көзі ашық өнерпаздар білім ашпай.

Қазағым алты ауызды бола қалар,

Бастаса пайдалы істі біреу қостай.

Бай, мырза, атқа мінген азаматтар

Басында жемісі жоқ қу ағаштай (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Қазақта күйші өткен Құрманғазы, Халықтың ол да асқан өнерпазы. Байсерке, Жантай күйші, Жолдыбайлар Түсірген күйіменен ұшқан қазды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Сол үшін келген едім атым Шынар,

Тыңдауға өнерпазды халық құмар.

Кененді біздер жаққа жіберсін деп,

Ұсыныс көп әйелдің сұрауы бар (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

3. ауыс. Мәдениетті, дамыған.

Табысқа сан жетпейді, сән-салтанат,

Тамаша үйге кірді тоғыз қабат,

Өнерпаз үлгілі елдің болды бірі,

Елу жылдың төрінен тұрсаң қарап (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Балғындай жас Ұлықпан

Суретіне бәйге алды.

Жас өнерпаз балаға

Жұрт жиналып таң қалды (О.Шипин, Дастан.).