ӨТКІЗУ

lat: ÓTKİZÝ

Өткіз етістігінің қимыл атауы.

1. Табыстау, табыстыру.

Әлепат шал әлі де борбайлады,

Ұнамайды жігіттің тоңды ойғаны.

Дүниені өткізу актісіне,

Қасарысып, қыңыр шал қол қоймады (М.Мақатаев, Шығ.).

Кезекші кенет бүлінді:

- Жігітім, не тұр қағазда,

Түгі де кетпес, бұныңды

Өткізу керек багажға (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

Аудан осы аймақтың малының санын алып, артық астықты мемлекетке өткізу міндетін жүктеген болатын (Б.Тілегенов, Аққайнар).

2. ауыс. Артта қалдыру.

От жалын ой өртеп ішті,

Жай таптырмай жаныма.

Өткізумен ерте-кешті

У жайылды қаныма (ХХ ғ. бас. қаз. ақын. шығ.).

3. экон. <лат. realis> Мүлікті немесе бағалы қағаздарды ақшаға айналдыру тауарды құнын толық төлеген сатып алушыға сату (табыстау).

Бухгалтерлік есепте актив хабардар етілген және мәміле жасасуға дайын тәуелсіз тараптар арасында айырбасталатын немесе міндеттемемен төленетін мәміле мынадай жағдайларда: табыс сомасы барынша дұрыс бағаланса, мәміледен экономикалық пайда алынса, мәміле бойынша нақты шығын барынша дұрыс бағаланса, мәміле жасалған затты меншіктену құқығы сатып алушыға табысталса, Ө. деп есептеледі; ал сатушы меншіктенуші құқығы мен міндеттерін сақтаса; ақшалай қаражат алынса, бірақ тауар босатылмаса, жұмыс орындалмаса, қызмет көрсетілмесе, өткізу жүзеге асырылды деп танылмайды (Қаз. тілі термин. Экономика).

4. физ. Бойынан өзі арқылы еркін қозғалу, жіберу.

Минералдардың жұқа қалақшаларының сәулені өткізуі, ұстауына қарай мөлдір (мусковит), шала мөлдір, сәуле өткізгішала шпаты), күңгірт (қоңыр амфибол) болып ажыратылады (К.Сапарбайұлы Геология және гидрогеология.).