ӨТІМДІЛІК

lat: ÓTİMDİLİK

зат. 1. Жұмсалған шығынның (қаражат, т.б.) ақталуы, қайта өндірілуі.

Қайранбек қызмет істейтін министрлікте көпшілік тұтынатын бұйымдардың өтімділігі мен қажеттілігін зерттейтін басқарма құрылмақ екен (Ә.Тарази, Басынан Қаратаудың…).

2. ауыс. Қадірлілік, қасиеттілік.

Өзінің өтімділігін байқағаннан кейін Жұмабек енді бұрынғыдан да еркінсіп, теңселе басып, қыздың қасына келіп, қолын созды (Т.Ахтанов, Дала сыры).

Жазира жай жеңге емес, мейірімді ана. Қайын сіңлісіне өтімділігі осында екен ғой (М.Сүндетов, Ескексіз.).

Ақыры жиені екеш жиені де өзінің келіншекке өтімділігіне мақтанып, насаттанып отыр (Ж.Еділбаев, Түркістан).

3. экон. <лат. liguidus> Актив баптарын пассив бойынша міндеттемелерді төлеу үшін ақшаға айналдыру мүмкіндігі; материалдық құндылықтарды өткізудің, сатудың, қолма-қол ақшаға айналдырудың оңайлығы; субъектінің өз активтерін қолма-қол ақшаға айналдыру және борышқорлық міндеттемелерін орындау қабілеті (төлем төлеуге қабілеттілік).

Активтердің өткізілу дәрежесіне қарай оларды мынадай топтарға бөлуге болады: өтімділігі жоғары топтар ақша, алтын, ағымдағы шотта тұрған қаражат, кысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар, вексельдер, тез сатуға болатын мүлік, т.б.: өтімділігі орташа топтар меншікті бағалы қағаздар, жөнелтілген тауарлар, көрсетілген қызметтер, орындалған жұмыстар бойынша мерзімі өтіп кеткен берешек; өтімділігі төмен топтар тауар-материалдық құндылықтар, негізгі құрал-жабдық (Қаз. тілі термин. Экономика). 4. хим. Жартылай өтімді жарғақтың бөлінетін қоспа құрауыштарын өзінен өткізу қасиеті.

5. әск. Жергілікті жердің өтімділігі әскерлердің жылжуы үшін оның қолайлылык дәрежесі.

Жолдан тыс жергілікті жер өтімділік дәрежесі бойынша әдетте, өтімді, қиын өтімді және өтуге болмайтын болып бөлінеді (Қаз. тілі термин. Әскери.).

Өтімділік орындалатын жауынгерлік міндет, ұрыстық және көліктік машиналардың тактикалық-техникалық көрсеткіштері ескеріліп бағаланады (Қаз. тілі термин. Әскери.).

2) Машиналар ұрыстық және көліктік машиналардың түрлі жол жағдайларында және жолсызда ілгерілеу мүмкіндігі.

Өтімділік машиналардың түрлі табиғи бөгеттерден (су бөгеттері, күрт еңістер, орлар және т.б.) өтуі бойынша тактикалық-техникалық сипаттамаларымен анықталады (Қаз. тілі термин. Әскери.).

Өтімділік машина қозғалтқышының меншікті қуатына, меншікті қысымына, жүріс бөлігінің құрылысына және басқа да тактикалық,-техникалык мәліметтеріне, сонымен қатар жүргізушілердің дәрежесі мен тәжірибесіне байланысты болады (Қаз. тілі термин. Әскери.).