ПЕРІШТЕ

lat: PERİSHTE

[ир.]зат.1.діни. Мифология мен діни ұғымдар бойынша құдайдың әмірін жеткізіп тұратын, табиғаттан тыс мифтік көмекшілер.

Осы уақытта Жаратушыдан Жәбірейіл періште арқылы қыздың тілегі орындалатыны туралы хабар келеді («Қаз. әдеб.»).

Ал Ханпадшайым - әйел жыныстысының күн мен айы. Оны көрсе періштенің де ақ жолынан таюы ықтимал (І.Есенберлин, Шығ.).

Бір ғалым айтыпты: қайғыға ортақтасу үшін адам болу жетеді. Қуанышқа ортақтасу үшін періште болу керек (М.Жұмабаев, Шығ.).


2.ауыс.Әзірейіл, әулие, пір.

Көзіме әлденелер көрінді: тергейтін періштелерді көрдім, бүйірімнен көр қысты (Ж.Аймауытов, Шығ).

Жан алушы періштелер адамның талқаны таусылғанын бір апта бұрын хабалайды екен, деді Шәйкүлге қарап (О.Дастанов, Мұрагерлер.).

3.ауыс. Кінәдан пәк уыздай жас, сәби бала.

Ер жігіт өнер табар ерте қуса, Ерініп, шаршамастай белін буса. Ыртың-жыртың, жоқ-барға көңіл бермей, Періштебоп анадан қайта туса! (М.Жұмабаев, Шығ.).

Қолымда екі жылдан астам тұрды. Өзін қойшы, ана қолындағы періштеге әкені қайдан табады (Н.Әбдікәрімова, Сенім).


Қолында, көз алдында өскен періштесіне ондай сауал тастауға аузы да бармайды (М.Қаназов, Сонар).

Күнәсыз таза періште. Жас балдырған нәресте, Еріксіз ерге берілмек (С.Мұқанов, Таңд. шығ.).

4.ауыс. Кіршіксіз адал жан, асыл таза адам.

Тамам адам періште болмай тұрып,Ал, түзелші! дегенге ешкім көнбес (Ш.Құдайбердиев. Шығ.).

Мен Өлеңмін... Пенде емес, періштемін, Періштеге білесің өріс кеңін. Алаңдайтын мен үшін ештеңе жоқ, Аспан тегін, Жер тегін, Жеміс тегін (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

Оны қандай жаман адамдарға араластырып, одан қандай жиренейін, жек көрейін, безейін десе де, оны алғаш көргені есіне түскенде, ол ойының бәрі жел қуған тұмандай серпіліп, баяғы періштесіндей, Ақбілек көзіне елестейді де тұрады (Ж.Аймауытов, Шығ.).

5.ауыс. Асқан сұлу, көркем, әдемі ару.

Сенсің, досым, жібек мінез, жібегім. Сені ғана сүйем куә жүрегім. Суық жолдан сақтайтын сен періштем, Сен болмасаң азып-тозып өлемін (М.Жұмабаев, Шығ.).

Менің бір жақын сырлас қыз достым бар, деген бір күні Татьяна, қандай жігіт болса да, аузының суы құритын, түр-әлпеті де келісті, мінезі жібектей жұмсақ, тірі жанның періштесі(І.Есенберлин, Шығ.).

6.ауыс. Әйел адамдарды еркелеткенде айтылатын қаратпа атауыш.

Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр… Жүректі жандырар құрғыр. Кеудені кернеді жалын, Сәулем, періштем, тез кір! (М.Жұмабаев, Шығ.).