ПЫСЫҚ

lat: PYSYQ

сын. 1. Қатты ширатылған, ширақ (жіп, арқан), не өте шымыр басылған (киіз).

Жіптің сапасы оның өте пысық, не болбыр, бос болмай, бабында иірілуіне байланысты (Ауызекі).

Мына сырмақ өзгелерден гөрі пысық басылған көрінеді (Бұл да).

2.ауыс. Епті, іскер, еті тірі, ширақ.

Мұндайда ауылда болсын, қалада болсын той ұйымдастыратын бір-екі жігіт, дастарқан жайын білетін п ы с ы қ әйелдер қашан да табылады (І.Есенберлин, Шығ.).

Шоқша сақалына бурыл кіргені болмаса, жыл өтсе де, баяғы пысық, қунақ қалпы екен (М.Әуезов, Шығ.).

Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жігіті Көккөз дәл үшінші күні Құнанбайды қуып жетті (М.Әуезов, Шығ.).

3. ауыс. Қу, залым, алаяқ, жылпың, ылдым-жылдым.

Ел бүлігі тобықты, Көп пысыққа молықты. Малдының малын көре алмай, Борышын түгел бере алмай, Көрінгенге обықты (Абай, Шығ. жин.).

Абай өз тұсындағы алаяқ-қуларды жек көргендігін пысық деген сөз арқылы білдіреді («Қаз. әдеб.»).

Екеудің пысығы сонда келіп, Сәлменмен бірге Бақтығұлды сабап кететін теке сақал, бітік көз сары Әзберген еді (М.Әуезов, Шығ.).