САЛМАҚТЫ

lat: SALMAQTY

сын. 1. Ауыр, салмағы көп.

Маяны қозғалмастай етіп,салмақты сырықтармен бастырықтап тастады (Ж.Тілеков, Қайнар).

Үлкен майлы құйрықты, салмақты, сүті орташа, тұрған жерлерінің жаратылысына өте бейімделгіш келеді (Ш.Жанәбілев, Қаз. мал. атау.).

2. ауыс. Байсалды, байыпты, орнықты (мінез).

Қақ-соқпен ісі жоқ, әдеп-өркенді, салмақты боп өсіп еді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Алдағанға ермейсің Иманың болса салмақты (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің,- депті Сырым (Шешендік сөздер).

Табанын тасқа құлдар тіле жүре, Жүз тонна қола әкелген бір өзіне... Металлдан жаралғасын еттен емес, салмақты көрінеді мінезі де (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).

3. ауыс. Нақты анық, асықпай орнықты айтылған (сөз).

Баяндап оқытудың тағы мынандай шарттары бар: анық, айқын оқу, ыңырсымай, сөзді орынсыз созбай, салмақты, айтатын орында асықпай, кісі қалай сөйлесе, солай оқу керек (М.Дулатов, Шығ.).

Тайновтың да даусы салмақты, сөзі орнықты (Ә.Нұрпейісов, Курляндия).

4. ауыс. Астарлы, зілді (сөз).

Аукеңнің сөзі салмақты Ұялмай қайтсін ондайда. Басекең жарау сары атты Салып кеп қалды борбайға (М.Мақатаев, Шығ.).

5. ауыс. Қиындықты, ауыртпалықты, қайғылы, дертті. Бұл Мәжнүн тұра тұрсын таңды күтіп, Кетпелік Ләйліні де тіпті ұмытып. Бағана төсек тартып жатты деп ек, салмақты болып дерті қайғы жұтып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Баланың дұрыс өсуіне, қаны жүруіне, асы сіңуіне кесел деп көп дәлелдер көрсетеді. Бұл дәлелдердің салмақты екендігіне талас жоқ (М.Жұмабаев, Шығ.).