САЛТ

lat: SALT

1 зат.

1. Халықтың кәсіп, сенім, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын дәстүрдің бір түрі.

Салт өз уақытына орай жаңарып, қоғамдық болмыс ұстанымдарына бейімделіп отырады. Сондықтан салттың белгілі бір дәуірге тән сипаты басым. Әдеби тілде салт пен дәстүрдің ішкі айырмасы ескерілмей, көбінесе салт-дәстүр түрінде бір ұғымда қолданылып жүр (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

Салт тұрақтылық қасиетіне ие болған мәдени іс-әрекеттер жинағы. Олар адамдардың іс-әрекет стереотиптеріне айналады, жалпылық қасиетке ие болады (Мәдени-философиялық энцикл. сөздік).

Бұрынғы өткен халықтармен, олардың мәдениетімен,салтымен таныстыру, бұрынғыдан қалған тамтықтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).

Тарих бұларды біздің Қаңлы дейді. Қазақ ішінде Қаңлы руының көбі Жетісуда. Түріктің тіл, салты дәл біздікі сияқты, бұлардың атақты азаматтары өз аттарымен аталады: Әнуарбек, Талатбек, Мұстафа Камал, Ризабек. Бұлардың әкесін түрікте болмаса өзге жерде ешкім білмейді (М.Дулатов, Шығ.).

Асықпай қонып жата бер, Асыл болсаң тартымды. Алдырайын шақыртып, Жастар менен қартымды. Қона жатып, көріп кет, Сауық-сайран, ссалтымды. Көкетай ханның көңілі үшін Білемін сенің нарқыңды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Ұлы хазірет дарығандай батасы, Бекер дейтін жоқ дүдәмәл қатасы. Жазылыпты көне шежіре салтымен Абылай ханның дәл он алты атасы (К.Салықов, Жезкиік).

2. Өмірде тұрақтанып қалыптасқан жалпыға бірдей үйреншікті қылық, ырым, кәде.

Сонда саған құмар болып ол тұрар, Көкірегін өкінішке толтырар. Біле білсең жазалаудың осылай Бабалардан келе жатқан салты бар (М.Шаханов, Ғасыр.).

Қапыда бір күн қайғыра қалсаң, ардағым, Қапаста мен де қара түнекте қалғаным. Үмітім менің, мұратым менің, арманым, Осы қалпыңнан, жарқын салтыңнан танбағын (М.Мақатаев, Шығ.)

3. Ырым.

Ал, азамат, жаңа ұрпақ, Барыңды қолдан шығарма, Жақсылықпен жарылқап, Жақсы салтпен тұр алда! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

4. Қалыпты жағдай, тәртіп, ұстаным.

Бөтен ойдың иісі деп қалдыңыз ба, Бір әуреге қойдыңыз салдыңыз да. Жақсы көру салт екен Сіз үшін бір Жорғалаған адамды алдыңызда (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

5. ауыс. Жаман әдет, теріс қылық, келеңсіз мінез.

Бұл елдің күн көргені өтірік ант, Қазаққа алдау деген болды ғой салт Не түзеліп, не бұзыл, ылажым жоқ, Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Азуды қайрап, бармақты шайнап өтті күн, Ғылымды іздер, алысты көздер жетті күн. Ақсақал артқа, жастар тартса салтқа, Әперер жұртқа кекті кім? (М.Дулатов, Шығ.).

Жасыңда араластың малтымаға, Қызығып есер елдің салтына да! Би, болыс, епті жігіт атанам деп, Көп түстің ерегіскен талқыға да! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

6. Діни наным-сенім.

Отқа табыну салты ертедегі халықтардың бәрінде де болған (М.Исқақов, Соқыр сенім.).