САҢЫРАУҚҰЛАҚ

lat: SAŃYRAÝQULAQ

зат.өс. <fungi немесе mycetes> 1. Ылғалды жерде өсетін, қалпақ тәрізді қалқаны бар, гүлдемейтін өсімдік.

Жауыннан кейін орман ішінде жидек, саңырауқұлақ терушілер көп кездеседі (Ә.Шәріпов, Орманда.).

Соғыстың іште, сыртта желі аңырап,

Сатылап құлап жатты сан шаңырақ,

Астынан сол шаңырақтың қылтидық біз

Секілді жауын күнгі саңырауқұлақ (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ.).

2. Споралар арқылы көбейетін, хлорофилсіз, дайын органикалық заттармен қоректенетін төменгі сатыдағы өсімдіктер тобы.

Саңырауқұлақтың басқа барлық түрлері сияқты қалпақты саңырауқұлақ өте ұсақ ұрықтардан споралардан көбейеді (Шаңырақ энцикл.).

Таулы жердегі орманда саңырауқұлақтың әлденеше түрі өседі (Ә.Бірмағанбетов, Қазақст. геогр.).

Саңырауқұлақтар микробиология өнеркәсібінде витаминдер, антибиотиктер, ферменттер, стероидті препараттар алу үшін пайдаланылады (Қаз. тілі термин. Тамақ.).