САРҚЫТ

lat: SARQYT

зат. 1. этн. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттың, ырымның бірі бойынша үйдегі балалар мен үлкен кісілерге, келіндеріне қонақтан, тойдан келген кісінің құрт, ірімшік, кәмпит сияқты т.б. ауыз тигізуне әкелген дастарқан дәмі; жақсы қасиеттері жұғысты болсын деп ырымдап жеуге болатын қонақтан, үлкен кісілерден қалған тамақ.

Бұрын сарқыт қайтады деп келіндер үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын болған (ҚҰЭ).

Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі тәрбиелік дәстүрлік маңызы зор (ҚҰЭ).

2. этн. Той сарқыты.

Тойдан әкелген сарқытың қайда, Асылым? деді назданып (Ғ.Сыланов, Асау арна).

Ал кейде бала қонаққа бармай қалған болса, атай сарқыт алып оралушы еді (Ә.Бүркітбаев, Жетімек).

3. жағымсыз. Біреудің асының қалдығы.

Ауру адаммен, саулығы күмән адаммен табақтас болма. Ешкімнің сарқытын ішіп, жеме (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).

Қолында теңгеқотырдың жарасы бар бір қонақ түскен ауылының табақтасы болған, ет асаған, сарқытын жеген, орамалына қолын сүрткен тағы талай адамдарға өзі білмей отырып теңгеқотырды сыйлап кетеді. (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).

4. ауыс. Бір нәрсенің сақтап қойған соңғы қалдығы (әдетте дәмдісі, ең жақсысы).

Байшуақ қыстың сарқыт сүрісімен аралас бордақы малдың жас етіне қанша қызыққанмен ауыз толтыра екі-үш асаған соң, әңгімесін тосып отырған адамды көп күттірмес үшін табаққа сұғынуын тежеп, бойын тіктеді. (К.Сегізбаев, Беласқан).

Ерін тартса жақсы дәм бұйырады, сарқыт жейміз деп ойлайды. (А.Қайбарұлы, Б.Бопайұлы, Қазақ ырымдары).

5. ауыс. Ұрпақ; ізбасар, алдағы буынның, бұрынғы заманда өмір сүрген тұлғаның ісін, өнегесін жалғастырушы, оның үлгісінің кейінгі замандағы көрінісі.

Сол қызыл бас дүниедегі бір ескі патшаларының сарқыты Кәсірәй ғажам жұрты сол (Абай, Тол. жин.).

Абай мен Жамбыл шәкірті,

Мен бір қалған сарқытпын.

Балуан Шолақ, Шашубай,

Үлгісін алған бір қартпын (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

"Ел атын ер шығарар" деген рас,

Сәкенді ардақтаған бүкіл Алаш,

Кешегі сол Сәкеннің сарқыты, деп,

Жатсынбай мені дағы бауырыңа бас. (Ғ. Қайырбеков, Көнсадақ).

6. ауыс. Өтіп кеткен бір нәрсенің соңғы көрінісі, бұрынғының жұрнағы, сақталып қалған белгісі.

Көк шалғын барқыты Даланың бар құты.

Жанардың түбінде Жігіттік сарқыты (Қ. Мырзалиев, Мәңгі.).