СЕЗІМТАЛДЫҚ

lat: SEZİMTALDYQ

зат. 1. Бірден біле қойғыштық, байқағыштық.

Ж. Саин марқұмның соңғы өлеңдері де сыршылдық, сезімталдық пен ой-пікір байлығымен тартатын еді (С.Қирабаев, Октябрь.).

Батырбаевтың айқас үстіндегі сезімталдығы адам таң қаларлықтай (Б.Соқпақбаев, Жекпе-жек.).

Тірі жанға сездірмейтін деген құпия күдігінің дөл төбесінен түскен Қабекеңнің сезімталдығына Бекарыс қайран қалды (3.Жәкенов, Таң самалы).

2.биол. Тірі ағзалардың ішкі және сыртқы ортаның алуан түрлі тітіркендіргіштерінің әсерін сезіну қабілеттіліктері.

Сезімталдықты анықтайтын физиологиялық механизмдердің негізіне сенсорлық жүйелер буынының динамикалық өзара әрекеттестіктері жатады (Қаз. тілі термин. Биология).

Сезімталдықтың негізін белсенді рецепторлар құрайды. Бірақ рецепторларға әсер ететін тітіркендіргіштердің бәрі бірдей қабылданып, сезім туғызады деуге болмайды (Қаз. тілі термин. Биология).

Сезімталдықты жіктеудің негізіне белгілі бір реқепторлар белсенділігімен байланысты түйсіктің сапасы алынады. Дәм сезу, иіс сезу, көру, есту, сипау және проприореқептивтік сезімталдылық болып ажыратылады (Қаз. тілі термин. Биология).

3. экол. Ағзаның мекендеу ортасындағы түрткіжайттар өзгерістеріне жауап қайтару қасиеті.

Жоғары дәрежелі сезімталдық стенобионттарға тән (Қаз. тілі термин. Экология).

Түр, жас, жыныс, жеке сезімталдық болып бөлінеді (Қаз. тілі термин. Экология).