СЫН

lat: SYN

1зат.1. Белгілі бір істі орындаумен байланысты сынақ, тексеріс, байқау.

Кеңшілікте кеудесін соғып, «мен, мен деп көкіп жүрген адамдарды тар жолда, ұлы сында көру керек екен (С. Сейфуллин, Тар жол.).

Осы хатты жазар-жазбасымның өзі бір сын болды (Ғ. Мүсірепов, Кездесп.).

Сүйіндік басшы адамы Бөкеншінің, Қажы айтты: “Мына жұмыс бізге бір сын, Ел бұзарлық іс қылды естілмеген, Мұнысына не айтасыз ініңіздің?” (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Мен қыз емес, өзің қыз,

Осы күнде сындасыз.

Өз бетіңді өзің бұз,

Yйте алмаймыз, жаным, біз (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2. Белгілі бір жұмыстың жақсы, жағымды. жағымен қатар жағымсыз, кемістіктерін талдап, баға бере айтылатын пікір.

Есектей қалпы кейбір адамдардың,

Көзі тар, көңлі соқыр жамандарың.

Асылды жасықпенен танымайтын

Сынынан сақта, алла, надандардың! (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Менің сынымды сынаушылар болса, тіпті жақсы. Әдебиет сыналынбай, пікір жарыққа шықпай, үндемей, не біетімен жүріп өнерлі жұрт бола алмаймыз (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп баға беруді айтамыз. Сынға салуға болады ғылымнан шыққан нәрсені де, өнерден шыққан нәрсені де, қоғамшылықпен құралған нәрсені де. Ол нәрселер көп адам күйімен, ісімен жасалған мемлекет сияқты ұлы нәрсе болуға да ықтимал. Жалғыз адам жасаған ұсақ нәрсе болуға да ықтимал. Адамның қай ісінен шыққан нәрсе болса да, сынға салудағы мақсат жақсы-жамандығын ашу, мән мағынасын анық таныту. Ғылым тарапынан шыққан нәрсе болса, ғылым жүйесіне дұрыс, терісін көрсету: өнер тарапынан шыққан нәрсе болса мақсатқа сәйкес келген келмегенін көрсету; кәсіп тарапынан шыққан нәрсе болса, тіршілікке жайлы-жайсыздығын көрсету; қоғамшылық тарапынан шыққан нәрсе болса, адам қалпына қолайлы келу-келмеуін көрсету. Сөйтіп адам ісінен шыққан нәрсенің түрлісі түрлі мақсатпен сынға түседі (А.Байтұрсынов, Шығ.).

3. Жағымсыз мінез, оғаш іс үшін тағылатын айып, кінә, мін.

Жақып екеуміздің сырт жарастығымыз қазір, әйтеуір, сын тағарлық емес-тін (Б. Нұржекеев, Күй.).

Малды, үйді сатқаныңды да кінә ғып қоймаймын, қажет болған шығар. Ал, өз басыңа қояр сыным болса қайтесің? (Р. Тоқтаров, Ертіс.).

Әсіресе жазушы, журналистерге таққан сыны дұрыс емес пе? деп қосағасым күлімдеп кетті (Ғ.Сыланов, Замана.).