ТАБИҒАТ

lat: TABIǴAT

зат. 1. Дүниедегі барлық тірі және өлі жаратылыс; тіршілік атаулы.

Ол уақытта қай халықтың да болса, табиғат бауырында болып, табиғат тауқыметінде тұрып, табиғат қабағына қарап, өмір шеккен (А.Байтұрсынов. Шығ.).

Табиғат бірде былай, бірде олай,

Кетері мәлім емес әлдеқалай.

Әкесі жан, шешесі дене болып,

Көңіліміз сол себептен екіталай (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп табиғат өзгермеді, тағы да қыс түсті (Абай журн.).

2. Тау, орман-тоғай, өзен-су, бау-бақша.

Табиғаттың берген бағы,

Қәдірім бар елімде.

Бұдан зор іс қылсам-дағы,

Басар жан жоқ, белімді (Ж.Аймауытов. Шығ.).

Табиғаттың таусылмас қасиетін

Жұрттың жұмсап жүргені ақылсыз іс.

Қайда кетті жаралыс берген байлық,

Ұстанғалы әскер мен қару сайлық? (Ш.Құдайбердиев. Шығ.).

Жаз жетті,табиғаттың оянуымен бірге адамның көңілі де елеңдеп, жаңа дүниеге шыққандай болып тұр (М.Дулатов. Шығ.).

3.ауыс. Әрбір заттың, құбылыстың өзіне тән ерекшелігі, қасиеті.

Жалған мадақ, арзан атақ менің табиғатыма сыймайды (Ш.Хұсайынов, Таныс адам.).

Акустика дыбыстың, үннің шығу, пайда болу табиғатын зерттейтін ғылым (К.Қуатбаев, Муз. сөздік).

Мақал-мәтелдердің түп-нұсқасында, табиғатында өлең бола кетерлік элементтер жоқ (М.Әлімбаев, Өрнекті сөз.).