ТАЗАЛЫҚ

lat: TAZALYQ

зат. 1. Кір жолатпаушылық, шаң-тозаң баспаушылық; тап-түйнақтайлық.

Түрмеде тәртіп пен тазалықтың нашарлығынан туберкулездің тырнағына ілігетіндер көп (Жас Алаш).

Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді.

Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды (М.Жұмабаев. Шығ.).

Нариманның дәрігерлік ғылымын таңдауы" да әлдеқалай емес еді. Надандық салдарынан бақсы-балгерден қожа-молдадан емденіп, үшкіру-түшкірулерге иланып тазалық, денсаулық жайын білмейтін неше түрлі қауіпті жұқпалы аурулар жайлап бара жатқан еліне осы жағынан қызмет ету ниетімен қалаған еді. (М.Дулатов. Шығ.).

Тазалық саулық негізі, Саулық байлық негізі ақал).

Қаршыға тазалықты сүйетін құс. Түтін, шаң-тозаң, іргеден соққан самал жел қаршығаны ауруға ұшыратады (Ш.Айманов, Қыран.).

2. ауыс. Адалдық, ақ ниеттілік, пәктік.

Болар іс болды деп қоймай, биылдан соң болса да Дінмұхамет Әділовке гимназияға кіруіне тоқтату болмасын, нақақ жаладан айрылсын деп, Мұстафа баласын директорға апарып, айыбын мойнына алдырып, ана баланың тазалығына сендіруге сөз байланды. (М.Дулатов. Шығ.).

Адалдық, тазалықтан құры екенсің,

Бағанадан байқатпай тұр екенсің.

Сені адам деп несіне айтысайын,

Боқ жейтін жол кесердің ұлы екенсің (Ш.Құдайбердиев. Шығ.).

Тазалыққа тағы кеттім,

Балалықты қуып жеттім.

Жоғары ғаршыдан өттім,

Осыны шындаған, көңіл! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).